Қазақстанның Қарулы күштеріне арналған екінші Airbus A400M Atlas ауыр әскери-көлік ұшағы Испаниядан Алматыға жеткізілді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

Жаңа ұшақ қандай міндеттер атқарады?

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, екінші әуе кемесінің қатарға қосылуы Қазақстанның әскери-көлік авиациясының мүмкіндігін арттырады. Ұшақ әскери мақсаттардан бөлек, төтенше жағдайлар кезінде де қолданылады. Атап айтқанда, табиғи және техногендік апаттардың салдарын жоюға, тұрғындарды шұғыл эвакуациялауға және гуманитарлық жүктерді тасымалдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ A400M халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысатын қазақстандық әскери қызметшілерді тасымалдауға пайдаланылады. Қорғаныс министрлігі бұл бағыттың маңыздылығын ерекше атап өткен.

«Әскери-көлік авиациясын қолданудың тағы бір маңызды бағыты қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысуын қамтамасыз ету болмақ. Мұндай санаттағы ұшақтардың болуы ұлттық бітімгерлік контингентті өз күшімен тасымалдау мүмкіндігін кеңейтеді», – делінген министрліктің хабарламасында.

Қазақстандық мамандар Испанияда дайындықтан өтті

Жаңа ұшақты қауіпсіз әрі тиімді пайдалану үшін қазақстандық экипаждар мен инженерлік-техникалық мамандар арнайы даярлықтан өткен. Олар Испанияның Севилья қаласындағы Airbus оқу орталығында теориялық және практикалық курстарды аяқтады.

Дайындық барысында мамандар әуе кемесін басқару, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету бойынша қажетті білім мен тәжірибе жинақтаған.

Airbus A400M ұшағының ерекшелігі қандай?

Airbus A400M – ауыр жүктерді ұзақ қашықтыққа тасымалдауға арналған әскери-көлік ұшағы. Қазіргі уақытта ол Қазақстанды қоса алғанда, әлемнің он елінде қолданылады. Олардың қатарында Түркия, Германия, Малайзия, Индонезия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Бельгия және Люксембург бар.

Әуе кемесінің басты ерекшелігі – ауыр әскери техника мен түрлі жүктерді тасымалдау мүмкіндігі. Сонымен қатар ол арнайы жабдықталған бетонды жолақтармен қатар, қысқа әрі топырақты ұшу-қону алаңдарына да қона алады.

Еске салайық, Қазақстан 2021 жылы осы үлгідегі екі ұшаққа тапсырыс берген. Екінші әуе кемесінің жеткізілуімен Қарулы күштердің әскери-көлік авиациясында екі Airbus A400M ұшағы болады.

Share.
Exit mobile version