Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан жарыс аяқталды. Қазақстан құрамасы чемпиондық атағын қорғап қала алмады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан жарыс мәресіне жетті. Финалда Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасымен кездесіп, 7:2 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша қазақстандық көкпаршылар бұған дейінгі екі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіп алған чемпиондық атағын қорғай алмады.

Финалда үшінші рет кездесті

Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары Көшпенділер ойындарының финалында қатарынан үшінші рет кездесті. Бұған дейінгі екі турнирде де қазақстандықтар қарсыласынан басым түсіп, алтын жүлдені иеленген болатын.

Бұл жолы шешуші кездесу Қырғызстан жерінде өтті. Өз алаңында ойнаған қырғыз құрамасы алғашқы минуттардан-ақ белсенділік танытып, кездесудің басым бөлігінде ойын тізгінін өз қолында ұстады. Финал қорытындысы бойынша Қырғызстан құрамасы Қазақстанды 7:2 есебімен жеңіп, көкпардан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.

Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болды.

Ресей – қола жүлдегер

Көкпардан үшінші орын үшін Ресей мен Өзбекстан құрамалары кездесті. Тартысты өткен матчта Ресей спортшылары 5:4 есебімен жеңіске жетіп, жарыстың қола жүлдесін еншіледі. Осылайша көкпардан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері мынадай болды:

🥇 Қырғызстан – алтын
🥈 Қазақстан – күміс
🥉 Ресей – қола

Көк-бөріден де Қырғызстан чемпион атанды

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында көкпармен қатар қырғыздың дәстүрлі ұлттық ойыны – көк-бөріден де жарыс өтті.

Бұл додада да Қырғызстан құрамасы чемпион атанды. Финалда қырғызстандық спортшылар Қазақстан командасын жеңіп, алтын медальға қол жеткізді. Осылайша биылғы Көшпенділер ойындарында көкпар мен көк-бөріден өткен екі бірдей финалда Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары жолығып, екі жағдайда да жеңіс қырғыз спортшыларының еншісінде кетті.

Ойынға қатысты желі қолданушылар арасында дау басталды. Қазақстан жанкүйерлері әлсіз жігіттерді жер қылды деп ренжулі. Ал Қырғызстан тарапы есе қайтарғандарын айтып, мақтануда.

 

Share.
Exit mobile version