Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті. Көпшілік үшін бұл шешім күнделікті өмірден алыс көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде ол дүкендердегі бағаларға,несиелердің пайыздық мөлшерлемелеріне және депозиттердің кірістілігіне тікелей байланысты. Экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауржан Шурманов Ұлттық банк шешімінің мәнін түсіндіреді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Мөлшерлеме төмендеді, бірақ ақша «арзандаған» жоқ

«Бұл шешімді түсіну үшін мөлшерлеменің өзіне емес, оның инфляциядан қаншалықты жоғары екеніне назар аудару маңызды. Жыл басында базалық мөлшерлеме 18% болды, ал бағалар жылына 12%-дан астам өсті. Қазір мөлшерлеме 15,75%-ды, ал инфляция 9,3%-ды құрайды. Екеуінің арасындағы айырмашылық сақталып отыр. Ең маңыздысы – осы.

Егер теңгелік депозиттің кірістілігі бағаның өсу қарқынынан айтарлықтай жоғары болса, адамдар үшін ақшаны жұмсауға асыққаннан гөрі жинақтау тиімді. Бағаның өсуін тежейтін де – осы».

Сарапшының айтуынша, қазіргі ақша-кредит саясаты осы арақатынасқа негізделген. 1990 жылдары америкалық экономист Джон Тейлор жинақ ақшаны сақтау тиімді болып қалуы үшін пайыздық мөлшерлемені инфляцияның өзгеруіне қарай реттеу қажеттігін көрсеткен.

Ұлттық банк те инфляция баяулаған сайын базалық мөлшерлемені төмендетіп, оның тежеуші әсерін сақтап отыр.

Неге мөлшерлемені бірден әрі көбірек төмендетпейді?

Көпшілік инфляция баяулаған соң базалық мөлшерлеме тез төмендеп, кредиттер арзандайды деп күтеді. Бауржан Шурманов реттеушінің неге асықпайтынын түсіндіреді.

«Базалық мөлшерлеме бірден әсер етпейтін дәріге ұқсайды, – дейді ол. – Қазір байқалып отырған инфляцияның төмендеуі көбіне көктемде қабылданған шешімдердің нәтижесі. Ал бүгінгі шешімнің нақты әсері келесі жылы ғана сезіле бастайды. Сондықтан Ұлттық банк инфляцияның бүгінгі деңгейін ғана емес, алты айдан немесе бір жылдан кейін қандай болатынын да ескереді».

Бұл туралы кезінде Милтон Фридман да жазған. Ақша-кредит саясатының әсері уақыт өте келе байқалады, сондықтан бүгін қабылданған шешімдердің салдары бірден көрінбейді. Мұны АҚШ Федералдық резерв жүйесінің тарихы да растайды. 1970 жылдары америкалық реттеуші инфляция баяулауының алғашқы белгілері байқалған сайын мөлшерлемені бірнеше рет төмендетті. Бірақ әр жолы бағалар қайтадан жылдамырақ өсе бастады. Ақырында 1980 жылдардың басында мөлшерлемені шамамен 20%-ға дейін көтеруге тура келді, ал экономика ауыр құлдырауды бастан өткерді.

«Емді алғашқы жақсару байқалған сәтте тоқтатса, ауру жиі қайта оралады. Оны кейін емдеу әлдеқайда ұзақ әрі қиынға соғады, – деп атап өтеді сарапшы. – Мөлшерлемені біртіндеп төмендету қол жеткізілген нәтижені бекітуге мүмкіндік береді».

Адамдардың не күтетіндігі неге соншалықты маңызды?

Инфляцияға қазіргі бағалар ғана емес, адамдардың болашаққа қатысты күтулері де әсер етеді. Егер адам ертең бәрі қымбаттайтынына сенімді болса, қажетті заттарды бүгін сатып алуға тырысады. Ал сатушы болашақта шығындары өсетінін алдын ала ескеріп, оны тауар бағасына қосады.

Нобель сыйлығының лауреаты Эдмунд Фелпс күтулердің өзі инфляцияны күшейте алатынын көрсеткен.

«Қазір нақты инфляция 9,3%-ды құрайды, ал халық орта есеппен шамамен 11,8% инфляция күтеді, – дейді Бауржан Шурманов. Инфляциялық күтулер төмендеп жатыр, бірақ инфляцияның өзіне қарағанда баяуырақ.

Бұл – заңды құбылыс. Адамдар бірнеше ай қатарынан бағалардың шынымен баяу өсіп жатқанын көргенде ғана сенім қалыптасады. Сондықтан реттеушінің дәйекті әрі болжамды әрекет етуі маңызды. Әрбір түсінікті шешім осы сенімді нығайтады».

Тарифтер: жыл соңында инфляция неге уақытша жеделдеуі мүмкін?

Ұлттық банк жыл соңына қарай статистикалық әсерге байланысты жылдық инфляция жеделдеуі мүмкін екенін ескертті. Сарапшы мұның жағдайдың міндетті түрде нашарлағанын білдірмейтінін түсіндіреді.

«Өткен жылы мораторий қолданылып, төртінші тоқсанда коммуналдық қызметтердің тарифтері 14%-ға төмендеді. Жылдық инфляция бүгінгі бағаларды өткен жылдың осы кезеңіндегі бағалармен салыстыру арқылы есептеледі.

Егер өткен жылғы көрсеткіш мораторийге байланысты төмен болған болса, биылғы салыстыру бағаның өскенін көрсетеді. Тіпті қазіргі жағдай нашарламаса да, солай болады. Бұл бір жыл бұрын салмағыңызды дұрыс көрсетпеген таразының нәтижесімен бүгінгі салмағыңызды салыстырғанмен бірдей».

Ұлттық банк осы әсерге байланысты базалық мөлшерлемені көтермейтінін мәлімдеді. Сарапшының пікірінше, бұл – әлемнің жетекші орталық банктері қолданатын орынды тәсіл.

«Базалық мөлшерлеме арқылы тарифтерді арзандату мүмкін емес. Оның міндеті басқа: тарифтердің өсуі өзге тауарлар мен қызметтердің де жаппай қымбаттауына әкелмеуі тиіс. Реттеуші дәл осыны қадағалайды.

2011 жылы Еуропалық орталық банк энергия ресурстарының қымбаттауына жауап ретінде пайыздық мөлшерлемені көтерді. Бірақ бірнеше айдан кейін оны қайта төмендетуге мәжбүр болды. Содан бері реттеушілер бағаның бір реттік секірісі мен тұрақты өсуін ажыратуға тырысады».

Бұл халық пен бизнес үшін нені білдіреді?

«Жинақтарын теңгемен сақтайтын адамдар үшін депозиттердің пайыздық мөлшерлемелері әлі де инфляциядан жоғары. Демек, ақша өзінің сатып алу қабілетін сақтап отыр, – деп түсіндіреді Бауржан Шурманов. Қарыз алушылар үшін кредиттер арзандайды, бірақ бұл инфляцияның төмендеуіне қарай біртіндеп жүзеге асады.

Бұл кредиттердің күрт арзандап, бір жылдан кейін бағалардың қайта шарықтауына және базалық мөлшерлеменің жаңадан көтерілуіне қарағанда әлдеқайда тиімді».

Экономист бұл шешімнің мемлекеттік инвестициялармен байланысына да назар аударады.

«Қазір экономикаға инфрақұрылымды дамыту үшін ауқымды инвестициялар салынып жатыр. Бұл – дұрыс қадам, бірақ мұндай инвестициялар бағалар тұрақты болған жағдайда ғана нәтиже береді.

Егер құрылыс материалдары мен жабдықтар құрылыс жүріп жатқан қарқыннан жылдамырақ қымбаттаса, қаражаттың бір бөлігін инфляция жұтып қояды.

Сондықтан Ұлттық банктің салмақты саясаты мен Үкіметпен келісілген іс-қимылдары осы инвестицияларды да қорғауға мүмкіндік береді», – деп түйіндейді сарапшы.

Share.
Exit mobile version