Жақында анасынан айырылған Анна Данченко қиын сәтте қолдау көрсеткен продюсер Баян Мақсатқызына алғыс айтты. Оның сөзінше, продюсер жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектесіп, қомақты қаржы жіберген, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Анна Данченко Баян Мақсатқызының бұл әрекеті оған ерекше әсер еткенін атап өтті. Ол продюсерден мұндай көмек күтпегенін айтып, адам жанын түсініп, қиын кезде қасынан табылатын жандардың қадірін енді тереңірек сезінгенін жеткізді.

«Баян Мақсатқызы, сізге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірінде көрсеткен жанашырлығыңыз бен қолдауыңыз үшін рақмет. Жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қажет қаражатты түсініп, маған қомақты сома жібердіңіз. Мұны көргенде ақша үшін емес, сізден мұндай қамқорлықты күтпегенімнен көзіме жас келді», – деп жазды ол.

Данченко ата-анасы бала кезінен өзіне сеніп, қиындықтарды өз бетімен жеңуге үйреткенін айтты. Сондықтан Баян Мақсатқызының күтпеген жерден қолдау көрсетуі оған айрықша әсер еткен.

«Жаның қатты ауырғанда, адамның жылуын ерекше сезінеді екен. Кейде бір ғана әрекет адамның жүрегі туралы мыңдаған сөзден артық айтады», – деді Анна.

Сондай-ақ ол ата-анасынан айырылғаннан кейін қиын сәтте ештеңе күтпестен қолдау көрсететін мейірімді адамдардың қаншалықты қымбат екенін түсінгенін жеткізді. Анна Баян Мақсатқызына жасаған жақсылығы үшін алғысын айтып, бұл көмекті ешқашан ұмытпайтынын атап өтті.

Share.
Exit mobile version