Мәжілістің бұрынғы депутаты Ринат Зайытов Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығын басқаратын болды. Ол жаңа қызметке қазан айының басында Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовтің ұсынысымен келген, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Мұны экс-депутаттың өзі Adal ADAM YouTube-арнасына берген сұхбатында айтқан.
Бұл орталық әскери ансамбль мен оркестрдің қызметін үйлестіріп, патриоттық және мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға жауап береді», – деді ол.
Ринат Зайытов кім?
Ринат Зайытов 1984 жылғы 14 қарашада Абай облысындағы Өркен ауылында дүниеге келген. Семей педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген. Кейін Қазақ қатынас жолдары университетінде «Бизнес және басқару» мамандығы бойынша магистратураны бітірген.
Еңбек жолын «Дариға-ай» жастар театрында актер болып бастаған. Одан кейін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлімнің маманы қызметін атқарған. Сондай-ақ Алатау дәстүрлі өнер театрының директоры болған.
2023–2026 жылдары VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты ретінде қызмет етті. Парламентте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында жұмыс істеді.
Қорғаныс министрлігіне тағайындалған тағы бір экс-депутат
Еске салайық, қазан айының басында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Құрылтайдың бұрынғы депутаты Татьяна Савельева да Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалған еді.
Жуырда Савельева Бас штабтың бастығы Айтқұрман Омарбековпен бірге мемлекет басшысына әскердің жай-күйі мен бюджет қаражатының жұмсалуы жөнінде есеп берді. Кездесу барысында әскери қызметшілерді даярлау, әскери нысандарды күтіп ұстау және әскердің күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бөлінетін қаражат мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысында президент Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, әскери дайындық сапасын жақсарту, әскердің басым қажеттіліктерін қаржыландыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша бірқатар тапсырма берді.
