2026 жылдың тоғыз айында Қазақстандағы салық түсімдері 18,5 пайызға өсіп, 22,7 трлн теңгеге жетті. Алайда кірістің осылай артуына қарамастан, мемлекет қарыз алуды жалғастыруға мәжбүр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Салық түсімдері ережелердің өзгеруінен кейін өсті
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) мәліметінше, қаңтар-қыркүйек айларында республикалық және жергілікті бюджеттерге, сондай-ақ Ұлттық қорға түскен салықтардың жалпы көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 трлн теңгеге артқан.
Түсімдердің негізгі өсімі республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етілді. Мұнда салық түсімдері 30,3 пайызға немесе 3 трлн теңгеге көбейген.
Қосымша түскен қаражаттың шамамен 90 пайызын үш салық түрі қамтамасыз етті:
- ҚҚС – 1,6 трлн теңгеге өсті;
- корпоративтік табыс салығы – 636 млрд теңгеге артты;
- мұнайға жатпайтын пайдалы қазбаларды өндіру салығы – 480 млрд теңгеге көбейді.
Қаржыгерлер қауымдастығы ҚҚС түсімдерінің артуын салық мөлшерлемесінің көтерілуімен, тіркеуге тұру шегінің төмендеуімен және тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өткізу айналымының 13,8 пайызға ұлғаюымен байланыстырады.
Ал жергілікті бюджеттердегі жағдай керісінше қалыптасты. Мұнда салық түсімдері 0,8 пайызға немесе 54 млрд теңгеге азайған. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша түсімдер төмендеді.
Қарызға қызмет көрсетуге қанша қаражат жұмсалады?
Кірістердің өсуіне қарамастан, мемлекет үшін қарыз алу қажеттілігі сақталып отыр. Тоғыз айда 7,3 трлн теңге көлемінде жаңа қарыз тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5 пайызға көп. Бұған қоса, бұрын алынған міндеттемелерді өтеуге 3,9 трлн теңге бағытталған.
Мемлекеттік қарыздың жалпы көлемі 8,8 пайызға өсіп, 41,3 трлн теңгеге жетті.
Алайда қарызға қызмет көрсету шығындары бұдан да жылдам артып келеді. Қаңтар-қыркүйек айларында бұл мақсатқа 2,8 трлн теңге жұмсалған. Жылдық өсім – 20,6 пайыз.
Осылайша, мемлекеттік міндеттемелер бойынша пайыздық төлемдер қарыздың жалпы көлемінен екі еседен астам жылдам өсіп отыр. Қаржыгерлер қауымдастығы мұны қарыз тарту құнының жоғары болуымен түсіндіреді.
Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін қаражат үштен бірге қысқарды
Тағы бір өзгеріс – Ұлттық қордан берілетін трансферттердің азаюы. Тоғыз айда бюджетке 2,8 трлн теңге аударылған. Ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 4,2 трлн теңге болған. Осылайша, трансферт көлемі 34 пайызға төмендеді.
Сонымен қатар қазан айының басында Ұлттық қор активтері 66,7 млрд долларға жетті. Жыл басынан бері қор активтері 2,8 млрд долларға өскен. Бұған түсімдердің алынған қаражаттан басым болуы және 2,2 млрд доллар көлеміндегі инвестициялық кіріс ықпал еткен.
Дегенмен ҚҚҚ сарапшылары бюджет кірістерінің мұнай табыстары мен қарыз қаражатына тәуелділігі әлі де сақталып отырғанына назар аударады. Салық түсімдері артқанымен, мемлекет әзірге жаңа қарыз тартудан бас тарта алмай отыр.
