Фото: ЖИ
Алматы облысында 90 итті бағып-күткен Владимир Тепляков өлтірілді. Ол Dog House – «Твардовский дом» жануарлар панасын құрған. Кісі өлтіру дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Unsiz Media басылымының жарияланымында ер адамның өлтірілгені айтылған. Өлім туралы медициналық куәлікте өлім себебі “кісі өлтіру” деп көрсетілген.
Сот-медициналық сараптама атыс қаруынан жарақат алғанын растады.
— Жануарларды қорғаушылардың айтуынша, ер адамға бірнеше рет оқ атылған. Оның ішінде желке тұсына да оқ тиген, – делінген жазбада.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс 7 қазанда қозғалған.
— Қазір күдіктілерді анықтап, ұстау үшін тергеу және жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жалғасуда. Істің тергелу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, – делінген полиция хабарламасында.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.
