Астанада Олимпиада чемпионы, бұрынғы Мәжіліс депутаты Серік Сәпиевтің атына Enzo Ltd. атты жаңа компания тіркелді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Реестр мәліметіне сәйкес, компанияның жалғыз акционері әрі басшысы – Серік Сәпиев. Ол ұйымның Director, CEO және Authorised Signatory қызметтерін атқарады.

Enzo Ltd.-нің жарғылық капиталы 300 мың теңге болып белгіленген. Компания әрқайсысының құны 3 мың теңге болатын 100 қарапайым акциядан тұрады.

Ұйымның негізгі қызмет түрі ретінде холдингтік компаниялардың қызметі көрсетілген. Мұндай компаниялар әдетте басқа кәсіпорындардың акциялары мен үлестерін иеленіп, оларды басқарумен айналысады.

Серік Сәпиев – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы және Вэл Баркер кубогінің иегері. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін мемлекеттік және басқарушылық қызметтер атқарып, Мәжіліс депутаты болды. Сондай-ақ Парламентте дене шынықтыру және спорт істері комитетін басқарды.

2024 жылдың қарашасынан 2026 жылдың ақпанына дейін Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2026 жылдың ақпанында Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

Бұдан бөлек, Сәпиевтің аты Astana Arlans Promotion қоғамдық бірлестігінің басшысы ретінде көрсетілген. Ұйым 2023 жылы Астанада тіркелген. Оның атауы Сәпиев бұрын басқарған Astana Arlans бокс клубымен байланысты.

Adata.kz мәліметінше, Серік Сәпиев Sport Asset Management, Astana Arlans Promotion, Қазақстанның кабадди федерациясы, «Жас Сарбаз» қозғалысы және Алматы облысының кәсіпқой бокс федерациясы секілді бірқатар ұйымның құрылтайшылары қатарында бар.

Share.
Exit mobile version