Қонаев гарнизонында әскери борышын өтеп жатқан 20 жастағы сарбаз төртінші қабаттан құлап, жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Сарбаздың бірнеше қабырғасы сынған. Сондай-ақ өкпесі, бүйрегі мен қуығы зақымданған. Оның қазіргі жағдайы мен оқиғаның нақты мән-жайына қатысты Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме жариялаған жоқ.

Сарбаздың жақындарының айтуынша, ол үйімен үнемі байланыста болып, әскери қызметтің жағдайына да, денсаулығына да ешқашан шағымданбаған. Осы оқиғаның алдында ғана ата-анасы ұлына барып қайтқан. Олардың сөзінше, сол кезде сарбаздың көңіл-күйі де, денсаулығы да жақсы болған.

Туыстары оның өздігінен терезеден құлағанына күмән келтіріп отыр. Олар әскери бөлімдегі бейнебақылау камераларының жазбаларын жариялауды және оқиғаға қатысты жан-жақты, әділ әрі объективті тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Share.
Exit mobile version