Мейрамбек Беспаевтың мерейтойында өткен аукционда әншінің домбырасы 15 миллион теңгеге сатылды. Қомақты сомаға сатып алынған ұлттық аспап қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Қоғам белсендісі Тортуыл Шоқан домбыраны сатып алған Заттыбек Көпбосынұлын сынап, мұндай әрекетті мақтаншақтық пен дарақылыққа балады.
Бұл туралы белсенді Facebook парақшасында жазды.
Белсендінің пікірінше, әр заттың өзіндік құны болғанымен, халықтың басым бөлігі несие төлеп, қаржылық қиындық көріп отырған уақытта мұндай қомақты саудаға бару орынсыз.
«Иә, әр заттың құны бар, дұрыс. Бірақ халық қаражаттан қиналып, несие төлеп отырған мынадай шақта асыра сілтеушілікке жол бермеген дұрыс.
Әнші – кез келген маман иесі секілді, өзінің сүйген творчествосын сатушы. Ол әдетте «халық үшін тудық, жүрміз, өлеміз» дейді. Бірақ, әлбетте, өзі үшін жасайды бәрін.
Мысалы, мен домбыраға қолтаңбасын қалдырған, отбасын тастап, онысына қайта барған Қоразбаевты әулие санамаймын. Әншілік, сазгерлік жағынан екі қазақтың бірі – Қоразбаев!
Демек, Қоразбаевтар қолы қойылған домбыраны 15 млн-ға сату да, оны алу да – мақтаншақтық, дарақылық», – деп жазды Тортуыл Шоқан.
Сондай-ақ белсенді жазушы Қажығұмар Шабданның қазаққа тән кемшіліктер туралы айтқан сөзін еске алды. Оның пікірінше, қоғамда әлі күнге дейін мақтаншақтық мәселесі өзекті болып отыр.
«Атақты жазушы, 40 жылын Қытай түрмесінде өткізіп, тірідей келмесе де, қу сүйегін өзі туған қазақ жеріне (Аягөз, Таңсық) жеткізуді армандап кеткен Қажығұмар Шабдан атамыз атап берген: қазаққа жабысқан бес қырсықтың бірі осы – мақтаншақтық еді.
Сен қайта басуды армандаған қазақтың топырағын талай шата таптап жүр ғой қазір, қайран Қажығұмар…», – деп түйіндеді қоғам белсендісі.
