Павлодарда жергілікті техникалық қызмет көрсету стансасында жұмыс істейтін ер адам жүк көлігінің дөңгелегін үрлеп, орнатып жатқан кезде қаза тапты. Полиция еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 7 қыркүйекте облыс орталығында болған.

«Алдын ала мәліметке қарағанда, жүк көлігінің дөңгелегін үрлеп, орнату кезінде шина жыртылып кетіп, салдарынан станса қызметкері ауыр жарақат алып, қаза тапқан», — деді департамент басшысының орынбасары Абылай Сабыров.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жедел жәрдем шақыртуы сағат 10:30-да түскен. Медицина қызметкерлері оқиға орнына келгенде ер адамның қайтыс болғанын анықтаған.

Қазір еңбек инспекциясы қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Мамандар оқиғаның себептері мен мән-жайын, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын анықтайды.

Полиция департаменті еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», — деп хабарлады полиция.

Share.
Exit mobile version