Астанадағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Сөз шебері» қалалық жүргізушілер байқауының негізгі кезеңі ұйымдастырылды. Оған қатысқан дарынды оқушылар көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі бойынша сынға түсті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Байқаудың іріктеу кезеңінде елорданың түрлі білім беру ұйымдарынан 56 оқушы бақ сынады. Жас жүргізушілер сахнадағы әртістік қабілетін, сөйлеу мәнерін, дикциясын және көрермен алдында өзін еркін ұстау дағдысын көрсетті. Нәтижесінде олардың ішінен үздік деп танылған 16 қатысушы ғана негізгі кезеңге жолдама алды.
Негізгі кезеңде финалистер үш бағыт бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, олар шығармашылық таныстырылым, суырыпсалмалық және тікелей эфир форматында өз қабілеттерін көрсетті.
Байқаудың мазмұны «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен ұштастырылды. Қатысушылар өздерін таныстыру барысында адалдық, жауапкершілік, әділдік және аудиторияға құрмет көрсету қағидаттарын ұстанатын заманауи жүргізушінің бейнесін ашуға тырысты. Сондай-ақ сахналық қойылымдары арқылы әр сөздің артында азаматтық ұстаным мен жеке жауапкершілік тұратынын көрсетті.
Байқаудың ең тартысты кезеңдерінің бірі суырыпсалмалық болды. Бұл тапсырмада қатысушылар алдын ала дайындықсыз берілген тақырыпқа жылдам бейімделіп, тапқырлық, әзіл-қалжың және сауатты сөйлеу қабілеттерін көрсете білді. Ал тікелей эфир форматындағы тапсырмада ақпараттық сауаттылық, шапшаңдық және топпен жұмыс істеу дағдылары бағаланды.
