«Самұрық-Қазына» қорының тағы бір лауазымды тұлғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуды бақылау және мониторингтеу департаментінің директорына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Алайда ведомство оның аты-жөнін және қандай күдікке ілінгенін жариялаған жоқ.
Сондай-ақ бұл істің қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиевке қатысты тергеумен байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
«Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жауап берді ҰҚК.
Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК қызметкерлері «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиевті сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстаған болатын. 14 қарашада сот оларды қамауға алуға санкция берді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсталымдарды елдегі сыбайлас жемқорлықтың ауқымын көрсететін белгі деп атаған еді.
Ал Премьер-министр Олжас Бектенов жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеуге қарамастан, «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялар штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
