Көпшілік «Қара қатын» ойынын ойнағанда қолындағы картаның тарихына көп мән бере бермейді. Ресейде кең тараған әйгілі карта колодасындағы король, дама және валеттердің нақты тарихи прототиптері болған.
Олар 1903 жылы Санкт-Петербургтегі Қысқы сарайда өткен атақты сарай балына қатысқан адамдар еді. Бұл карталар кейін «Русский стиль» («Орыс стилі») деген атаумен танылды. Олардың эскиздері 1911 жылы Франкфурт-на-Майндағы Дондерф карта фабрикасында дайындалып, 1913 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық карта фабрикасында басылып шықты. Бұл шығарылым Романовтар әулетінің 300 жылдығына арналды.
1903 жылдың ақпан айында Масленица мерекесі кезінде Қысқы сарайда ерекше костюмдік бал өтті. Императрица Александра Фёдоровна осы шараға қатысушылардың XVII ғасырдағы көне орыс киімдерін киіп шығуын ұсынды.
Балдың сән-салтанаты соншалықты жоғары болды, ол үш кешке созылды. Сарай ақсүйектері патша Алексей Михайлович дәуіріндегі киім үлгілерін қайта жаңғыртты. Қатысушылар бұл кеш үшін жеке коллекциялардағы асыл тастарды, інжу-маржандарды және бағалы аң терілерін пайдаланды.
Император сарайының фрейлинасы баронесса Софья Карловна Буксгевден кейін «Жоғары қоғам өкілдерінің ерлері мен әйелдері бұл балда бір-бірімен сән-салтанат жағынан жарысты. Осы жағдай үшін жеке коллекциялардан керемет бас киімдер, асыл бұйымдар мен бағалы аң терілері шығарылды. Офицерлер сол дәуірдің әскери киімдерін кисе, сарай адамдары патша Алексейдің заманындағы киім үлгілерін таңдады. Ұлы княгинялар өздерінің арғы әжелеріне ұқсас киімдер киді, ал олардың сәнді киімдерін сол заманның ең үздік шеберлері тікті. Бұл балдағы ең көріктісі ұлы княгиня Елизавета Фёдоровна болды. Барлығы алдын ала мұқият үйренілген көне орыс билерін биледі — көрініс шын мәнінде таңғажайып еді» деп еске алған.
Алайда ұлы князь Александр Михайлович бұл балды ондаған жыл өткен соң мүлде басқа қырынан еске алды. Оның ойынша, бұл империяның соңғы салтанатты кештерінің бірі еді.
Ол «Қонақтардың барлығы XVII ғасырдағы орыс костюмдерін киюі керек деген шақыру мәтініндегі ескертуді оқығанда, ащы жымидым. Никки (Николай II) бір түн болса да өз әулетінің даңқты өткеніне қайта оралғысы келді…
Біз би билеп жатқанда Петербургте жұмысшылар ереуілдері жүріп жатты, ал Қиыр Шығыстағы жағдай барған сайын күрделене түсті» — деп жазды.
Алайда сол кезде ешкім қайғылы болашақ туралы ойлаған жоқ. Сарайдағы мереке қызу өтіп жатты.
Балдың ерекшелігі мен сұлулығын мәңгі есте қалдыру үшін ең үздік фотографтар шақырылып қана қоймай, оған қатысушылар бейнеленген ойын карталарын жасау туралы шешім қабылданды.
«Орыс стилі» деп аталған бұл колода Романовтар әулетінің 300 жылдығын мерекелеуге де арналды.
Карталардың эскиздері 1911 жылы немістің Дондерф карта ойындары фабрикасында жасалды. Ал 1913 жылы олар Санкт-Петербургтегі Императорлық карта фабрикасында басылып шықты.
Колодадағы тарихи тұлғалар
«Орыс стилі» карталарындағы бейнелер 1903 жылғы балға қатысқан адамдардан алынған.
Валеттер:
Валет шыбын — Николай Волков, ұлы князь генерал-адмирал Алексей Александровичтің адъютанты, лейтенант. Кейбір деректерде бұл бейне лейб-гвардия Преображенск полкінің подпоручигі Николай Штерге немесе лейб-гвардия Атты полкінің корнеті Алексей Тиздельге тиесілі деп көрсетіледі. Киімі — бояр немесе жоғары дәрежелі қызметкер бейнесі.
Валет қиық — ұлы князь Андрей Владимирович. Киімі — салтанатты киімдегі сокольничий (аңшылық қызметкері).
Валет қарға — ұлы князь Михаил Александрович. Киімі — патша мұрагерінің әскери киімі.
Валет тапа — Александр Николаевич Безак, кавалергард полкінің эскадрон командирі, штаб-ротмистр, ұлы князь Николай Михайловичтің адъютанты. Киімі — бояр бейнесі.
Дамалар:
Дама шыбын — ұлы княгиня Ксения Александровна. Киімі — боярыня.
Дама қиық — графиня Александра Дмитриевна Толстая, императрица сарайының фрейлинасы. Кейбір нұсқаларда бұл бейне княгиня Вера Максимилиановна Кудашеваға немесе Софья Петровна Дурновоға тиесілі деп көрсетіледі. Киімі — боярышня.
Дама қарға — ұлы княгиня Елизавета Фёдоровна. Киімі — княгиня.
Дама тапа — княгиня Зинаида Николаевна Юсупова. Киімі — боярыня.
Корольдер:
Король шыбын — император Николай II. Ол патша Алексей Михайловичтің киімін киген.
Король қиық — Николай Николаевич Гартунг, сарайдың жоғары дәрежелі қызметкері. Киімі — бояр.
Король қарға — граф Михаил Николаевич Граббе. Киімі — патша сарайындағы қызметкер бейнесі.
Король тапа — нақты прототипі болмаған. Бұл бейне Иван Грозныйдың бейнесі ретінде жасалған. Ол суретші А. Д. Литовченконың «Иван Грозный ағылшын елшісі Горсейге қазыналарын көрсетуде» атты картинасынан алынған.
Картадағы ерекше белгі — көкқұтан
«Орыс стилі» колодасының алғашқы шығарылымында ерекше белгі болды: балапандарын өз жүрегінің етімен қоректендіріп жатқан көкқұтан бейнесі салынды.
Оның астында:
«Өзін аямай, балапандарын асырайды» деген жазу болды.
Бұл белгі арқылы патша үкіметі өзін жетім балалардың қамын ойлайтын қамқор күш ретінде көрсетуге тырысты.
Карталарды сатудан түскен қаржы жетім балалар тәрбиеленетін Тәрбие үйіне беріледі деп жарияланды.
Сондықтан кейбір карта ойыншылары өздерінің құмар ойынға деген әуестігін қайырымдылыққа көмектесу деп қабылдаған.
Тарихи мағынасы
«Орыс стилі» карталары — жай ғана ойын құралы емес. Олар Ресей империясының соңғы жылдарындағы сарай мәдениетінің, өткен дәуірге деген сағыныштың және жоғалып бара жатқан әлемнің көркем ескерткіші.
1903 жылғы Қысқы сарайдағы балдан кейін он бір жыл өткен соң Романовтар әулеті құлап, Ресей империясы тарих сахнасынан кетті.
Ал сол балдың бейнесін сақтаған карталар бүгінге дейін сол дәуірдің соңғы тұяқ серпуін еске салып келеді.
Автор: Өмір_Шыныбекұлы
