Құрылтайда төтенше жағдайлар министрі Қазақстандағы сейсмология саласын дамытуға қажетті қаражаттың небәрі 7 пайызы бөлінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz .
Құрылтай депутаты Шерзод Полатовтың еске салуынша, Қазақстан аумағының шамамен 40 пайызы сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан. Ең жоғары қауіп елдің оңтүстік және шығыс өңірлерінде сақталып отыр.
Соған қарамастан, Үкімет 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында сейсмологиялық мониторингке жыл сайын небәрі 1,1 млрд теңге бөлуді қарастырған.
– Бұл қаражат жеткілікті ме? – деп сұрады депутат Полатов төтенше жағдайлар министрінен.
Мұрат Мұханов үш жылға сейсмологиялық мониторингке барлығы 3,3 млрд теңге қарастырылғанын растады.
– Бұл қаражат 143 сейсмологиялық станцияны күтіп ұстауға арналған. Ал саланы дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында сейсмологиялық мониторингті күшейту үшін 76 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 2,4 млрд теңге бөлінді. Бұл – қажетті соманың шамамен 7 пайызы, – деді ол.
Министр сейсмологиялық зерттеулерді қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
