24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізу барысында қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz. 

Алдын ала мәлімет бойынша, Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 19 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен.

Қазіргі уақытта 9 әскери қызметшінің қаза болғаны белгілі. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жеткізілді. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен қажетті құралдары дереу жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер тартылды.

Оқиғаның мән-жайын анықтап, құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен арнайы комиссия аттанды.

Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ведомство марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Іздестіру жұмыстарының барысы және әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат тиісті деректер алынғаннан кейін жарияланады.

Share.
Exit mobile version