Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жүздеген жұмысшысы наразылыққа шығып, жалақыны көтеруді талап етті. Қызметкерлердің талаптары жазылған видеолар Holanews Telegram арнасында жариялады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz .
Жұмысшылардың айтуынша, өндіріс жоспары ұлғайғанымен, жалақы көлемі өзгермеген. Қызметкерлердің басым бөлігі айына 380–400 мың теңге алса, балқытушылардың жалақысы 500–600 мың теңге шамасында. Олар азық-түлік пен басқа да тауарлардың қымбаттағанына қарамастан, еңбекақының бірнеше жылдан бері өспегеніне наразы.
«Үш жыл бір жалақы. Азық-түлік қымбаттап жатыр. Балаларымызға сапалы азық-түлік керек, біз сол үшін осында келіп тұрмыз», – деді жұмысшылардың бірі.
Наразылық білдірушілердің алдына «Қазхром» ТҰК бас директоры Ержан Абдулабеков шықты. Ол кокс пен электр энергиясының бағасы өскенін, ал кәсіпорын өнімдерінің құны өзгеріссіз қалғанын түсіндірді.
Бас директордың айтуынша, компаниядағы мемлекеттің үлесі 40 пайыз болғандықтан, жалақыны көтеру мәселесін келісу қажет.
Ержан Абдулабеков жұмысшылардың жалақысын жаңа жылдан кейін көтеруге уәде берді. Еңбекақының нақты қанша пайызға өсетіні жыл соңындағы кәсіпорын жұмысының қорытындысы бойынша анықталмақ.
