Алматы облысының әкімдігі Талғарды казино орталығына айналдырмақ. Бәс тігетін ойын орталығына айналдыру бюджетке түсімді арттырып, жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Қолданыстағы «Ойын бизнесі туралы» заң аясында Талғар ауданында тек шетел азаматтарына арналған жаңа ойын аймағын құру жоспарланып отыр. Бұл бастама қоғамдық кеңесте қаралып, оң қорытынды алған.
Жобаны Талғар ауданында орналастыру ұсынысы өңірдің туристік әлеуетімен байланысты. Аудан Алматы қаласы мен халықаралық әуежайға жақын орналасқан. Сонымен қатар мұнда тау туризмі, сауықтыру және демалыс бағытындағы ірі нысандар шоғырланған.
«Талғар ауданы туристік инфрақұрылымы қалыптасқан аймақтардың бірі. Мұнда «Ақбұлақ» спорттық-сауықтыру кешені, «Oi-Qaragai» тау-шаңғы курорты, Aquaasia Resort және Tal Resort демалыс кешені сияқты танымал туристік нысандар бар. Сондықтан жаңа аймақты өңірдің туристік экожүйесінің бір бөлігі ретінде дамыту көзделіп отыр. Бұл туристерге ұсынылатын қызмет түрлерін әртараптандырып, сервистік инфрақұрылымның дамуына қосымша мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.
Жобаны іске асыру нәтижесінде қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және басқа да қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және бюджет кірісін ұлғайтуға мүмкіндік туады.
