Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығына ренішін айтты. Әнші өзін Ұлттық госпиталінен тіркеуден шығарып, мазаламауды сұрады, деп хабарлайды  Muztaumedia.kz.

Әншінің айтуынша, жұрт арасында «совмин» аталып кеткен медициналық мекемеде халық әртістері мен еңбек сіңірген әртістер есепте тұрады. Өзі госпитальға 1994 жылдан бері тіркелген.

«Жыл сайын санаторийлерге тегін жолдама берілетінін енді білдім. Біз де баруымыз керек екен. Бірақ осы уақытқа дейін оның біреуін де пайдаланған емеспін. Неге маған айтпаған деп таңғалдым», – деді Мақпал Жүнісова.

Өнер иесі денсаулығына қатысты тексерулерді үйіне жақын орналасқан жеке клиникаларда тапсыратынын айтты. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Корея мен Түркияда ем қабылдайтынын жеткізді.

«Деніміз сау, шауып жүрміз. Күнде жұмыс, гастроль, концерт бар. “Совминнің” қызметкерлері қайта-қайта қоңырау шалып, анализ тапсырып, тексеруден өту керектігін айтады. “Қыздар, денім сау, Құдай ауыртпасын, бәрі дұрыс” десем, “Келмесеңіз, тіркеуден шығарамыз” дейді. Мен де шығара беріңдер дедім», – дейді әнші.

Share.
Exit mobile version