Белгілі заңгер Айгүл Орынбекке қарттар үйіндегі жағдайға қатысты шағым түскен. Мекеме қызметкері онда тұратын қариялардың біріне қатысты болған жағдайды айтып, көмек сұрағанын жеткізді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Мекеме қызметкерінің сөзінше, қария бір шылым үшін көмек сұраған. Оның айтуынша, зейнеткер өзін далаға алып шығуды өтінген.

«Мен ол кісіні далаға алып шығамын, «мені өлтіреді» деп менен көмек сұрады. Мен қара жұмысшымын, мен не істей аламын? Екі сағатқа далаға алып кете аламын. Далаға шыққаннан кейін басқалардан темекі сұрайды. Фильтрлі темекі береді оған. Махоркамен ол темекіні салыстыруға келмейді.

Сүйтіп барып Қалдыкүлге айтыпты: «20 жыл менің зейнетақымды алып отырсың. Ең болмағанда маған фильтрлі темекі әперші» деген. Сол сөзі жақпай қалып, наркотикалық зат беріп отыр, көзінің қарашығы өзгерді. Иммунитеті мықты болып, ол кісі өлмеді. Жақсылап арақ ішкізіп, қимылдай алмайтындай жағдайға жеткізді», – деді мекеме қызметкері.

Ал зейнеткер өз кезегінде бірнеше айдан бері зейнетақысын ала алмай жүргенін айтып, қажетті құжаттарын да қолына түсіре алмағанын мәлімдеді.

«3 ай болды, пенсиямды ала алмай отырмын. Бастығына да, ешкімге кіргізбейді, дәрі-дәрмек те, ештеңе де бермейді», – деді зейнеткер.

Ол сондай-ақ ай сайынғы 130 мың теңге көлеміндегі зейнетақысынан бір тиын да алмағанын айтты.

Қазіргі таңда айтылған шағымдарға қатысты нақты мән-жайы мен жауапты органдардың ұстанымы белгісіз.

Share.
Exit mobile version