Қазақстан Қорғаныс министрлігінің кешенді тексерісінің алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша мемлекеттік мүлікті ықтимал жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және басқа да заңбұзушылықтар фактілері бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелерін тыңдады. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады.
Кеңес барысында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелі мәселелерді анықтағаны айтылды. Тергеудің алдын ала деректеріне сәйкес, әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде елеулі қателіктерге жол берілген және бұрынғы басшылық тарапынан бақылау жеткіліксіз болған.
«Қайғылы оқиғаның мән-жайын зерделеу барысында комиссия оқу-жаттығуларды дайындау мен жоспарлауда, тәуекелдерді бағалауда, десант түсіруді ұйымдастыруда және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кемшіліктер болғанын анықтады. Қолбасшылық құрамның ықтимал қылмыстық салғырттығы фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға қамауға алынды. Олардың әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу аяқталғаннан кейін берілуі тиіс. Сонымен қатар әскери қызметшілер арасындағы жарғылық емес қарым-қатынас пен оларға күш қолданудың жекелеген фактілері анықталды. Бұл деректер бойынша да қылмыстық істер қозғалды», – делінген ақпаратта.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің қаза болуына кінәлі барлық лауазымды тұлға заңда көзделген жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін айтты.
Президент алғашқы кадрлық шешімдердің қабылданғанын атап өтіп, тергеу барысын жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Тексеру қорытындылары Қарулы күштерді реформалау жоспарын әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев он күн ішінде нақты Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл мәселе қазан айының екінші жартысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.
