Әнші Қарақат Әбілдина үй гүлдерін өсіру ол үшін жай ғана хобби емес екенін айтып, бұл әдеттің анасы арқылы дарығанын бөлісті. Өнер иесі гүлдеріне күтім жасаған сайын марқұм анасын еске алатынын жазды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

«Қайырлы күн, жақсы адамдар! Менің жанымды тыныштандыратын сүйікті ісімнің бірі — үй гүлдерін өсіру. Бұл әдет бізге анамыздан дарыған…

Ауылдағы үйіміздің терезе алды қашан көрсең де жайқалған гүлге толып тұратын. Анам әрқайсысын баласындай мәпелеп, суарып, сөйлесетін.

Марқұм анам қай жерде жүрсе де гүл көрсе, көзі жайнап кетуші еді. Ауруханада жатса да, дәліздегі гүлдердің қасынан жай өте алмайтын. Бір бұтағын үзіп алып:

“Осы бізде жоқ”, — деп жинап жүретін».

Әнші анасының гүлге деген ерекше ықыласына байланысты болған әзілдерін де еске алды.

«Анашым, «Қарақаттың анасы гүл ұрлап жүр» деген атқа қаласыз ғой, камералар түсіріп тұр”, — десем: “Осы үшін соттаймын десе, соттасын. Тұқымды сұрап алмайды» деп күлетін…

Гүлдерімді суарған сайын жан анамды есіме аламын. Гүл өсіру — мен үшін жай ғана хобби емес. Жанымды тыныштандыратын, анаммен жалғап тұрған бір нәзік жіп секілді», — деп жазды әнші.

Share.
Exit mobile version