Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кешенді тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Оқу орнына арнайы мониторингтік топ жіберіледі. Мамандар студенттердің өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заңнама және университеттің ішкі құжаттары талаптарының орындалуын тексереді. Сонымен қатар тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігіне баға береді.
Тексеру барысында жанжалдардың алдын алу, студенттердің өтініштеріне жедел жауап беру және оларға психологиялық көмек көрсету тетіктеріне басымдық берілмек.
Мониторинг нәтижесінде студенттер арасындағы қауіпсіздікті арттыру және профилактикалық жұмыстарды жетілдіру бойынша қосымша шаралар әзірленеді.
ЖОО-да екі студент көз жұмды
ҚазҰУ-да соңғы екі апта ішінде екі студент қайтыс болды. Алғашқы қайғылы жағдай 6 қараша күні кешке университеттің студенттер қалашығында тіркелген. Журналистика факультетінің бірінші курсында оқитын студент қыз көз жұмған. Ол Алматыға Шымкенттен білім алу үшін келген.
Арада он күн өткен соң, 16 қарашада тағы бір қайғылы оқиға болды. Бұл жолы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болды. Оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берген еді.
Проректор мен декан қызметінен кетті
Студенттің өлімінен кейін 17 қарашада ҚазҰУ проректоры мен факультет деканының қызметінен кеткені белгілі болды. Ал қайғылы оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді.
Университет басшылығы оқиғаға қатысты ақпаратты жасырмайтынын, тергеу органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын және істің объективті әрі ашық тергелуіне мүдделі екенін мәлімдеді.
