15 қыркүйектен бастап Қазақстан азаматтары Таиландта визасыз 60 күн емес, 30 күнге дейін бола алады. Сонымен қатар әр 180 күндік кезеңде елде болудың жалпы мерзімі 90 күннен аспауы тиіс, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Бұл туралы Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі елшілігі мәлімдеді. Жаңа талаптар Қазақстан азаматтарымен қатар бірқатар басқа елдердің азаматтарына да қатысты.

«Таиланд бірқатар мемлекет азаматтарының, оның ішінде Қазақстан Республикасы азаматтарының визасыз болу мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін қысқартады. Таиланд Министрлер кабинетінің тиісті шешімі 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді», – делінген елшілік хабарламасында.

Жаңа ережеге сәйкес, қазақстандықтар Таиландқа кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз жүре алады. Ал алты ай ішінде елге бірнеше рет барған жағдайда, әр сапардағы болу мерзімі қосылып есептеледі. Оның жалпы ұзақтығы 90 күннен аспауы қажет.

Егер сапар 30 күннен ұзаққа жоспарланса, азаматтар тиісті визаны алдын ала рәсімдеуі керек.

Елшілік Таиландқа ұзақ демалысқа немесе бірнеше рет баруды жоспарлаған қазақстандықтарды жаңа талаптарды ескеріп, сапарын алдын ала жоспарлауға шақырды.

Share.
Exit mobile version