Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қазақтар мен моңғолдар арасында тарихи тақырыптарға қатысты пікірталастар жиілеп, кей жағдайда өзара айыптауларға ұласып жатыр. Сарапшылар мұндай жағдайда арандатушылыққа ермей, көрші екі елдің ғасырлар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынасын сақтаудың маңызын алға тартады. Осы мәселеге қатысты қоғам белсендісі, ғалым, мәдениеттанушы Мұртаза Жүнісұлы да өз ойын ортаға салып, жұртшылықты сабыр мен парасаттылыққа шақырды, деп жазады Muztaumedia.kz порталы.
Қазақ–моңғол достығы – тарихтан тамыр алған құндылық
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Моңғолия жұртшылығы арасында тарихи мәселелерге қатысты пікірталастар жиілеп кетті. Кейбір жазбаларда Шыңғыс ханның тарихи мұрасы төңірегінде қызу таластар өрбісе, енді бірінде аумақтық мәселелерді қозғайтын арандатушылық сипаттағы пікірлер таралуда. Мұндай жазбалар қоғамда орынсыз алауыздық туғызып, ғасырлар бойы қалыптасқан көршілік қарым-қатынасқа көлеңке түсіруі мүмкін.
Осы мәселеге қатысты қоғам белсендісі Мұртаза Жүнісұлы әлеуметтік желідегі жазбасында екі халықтың өзара сыйластығы мен достығын сақтаудың маңызын атап өтті.
«Соңғы кезде әлеуметтік желіде моңғолдар мен қазақтар арасында сыпайылықтан аулақ айтысу мен тартысудың көбейгенін көріп, қынжылып отырмын. Ағаш уықты, киіз туырлықты, түбі бір көрші халықтармыз. Сондықтан достық қатынасты сақтап қалған жөн», – дейді ғалым.
Автордың пікірінше, екі тарапта да арандатушылыққа жол беретін адамдар кездеседі. Әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларды бір халықтың меншігі ретінде көрсетуге тырысатын немесе мемлекетаралық шекара мәселесін қозғайтын мәлімдемелердің таралуы жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Мұндай әрекеттер ешбір мемлекет тарапынан оң қабылданбайтынын ескерген жөн.
Мұртаза Жүнісұлы әсіре ұлтшылдық пен арандатушылықтың қоғамға пайда әкелмейтінін айтып, азаматтарды арандатушылардың жетегіне ермеуге шақырады.
«Әлеуметтік желі бүгінде өсек пен ғайбаттың да алаңына айналып барады. Сондықтан сақ болған дұрыс. Моңғолия – біздің көрші мемлекетіміз, ал моңғол халқы – дархан мінезді, кеңпейіл жұрт. Дініміз бен тіліміз бөлек болғанымен, ортақ тарихымыз бен мәдени байланыстарымыз аз емес. Сол ортақ құндылықтарды дәріптеп, достықтың жаршысы болғанымыз жөн», – дейді танымал дінтанушы.
Шын мәнінде, Қазақстан мен Моңғолияны тек географиялық жақындық емес, тарихи тағдыр, мәдени байланыстар және екі ел арасындағы достық қарым-қатынас байланыстырады. Моңғолияда тұратын қандастарымыз да осы достықтың маңызды алтын көпіріне айналып келеді. Сондықтан әлеуметтік желідегі арандатушылық сипаттағы пікірлерге ермей, өзара құрмет пен парасатқа негізделген диалогты сақтау – екі халықтың да ортақ мүддесіне қызмет етеді.
