Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде жүзеге асқан өзгерістер мен Конституцияның маңызына тоқталды. Президенттің айтуынша, елде жүргізілген ауқымды реформалар нәтижесінде саяси жүйе жаңғыртылып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты басымдыққа айналды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан өркениетті әрі озық ойлы ұлт ретінде жаңа даму кезеңіне қадам басқан. Сонымен қатар елдің тұтастығы мен халықтың болмысын айқындайтын маңызды құжат – Конституция қабылданған.
Мемлекет басшысы берекелі бірліктің арқасында ауқымды реформалар сапалы жүзеге асқанын атап өтті. Соның нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар маңызды өзгеріс болған.
Атап айтқанда, бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтай өз жұмысын бастаған. Сондай-ақ еліміздің ең жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесі құрылған.
«Алайда, ең маңызды мәселе – Конституциямызға сәйкес азаматтарымыздың заңды құқықтары мен бостандықтары мызғымас сипатқа ие болды, егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді және жеріміздің тұтастығын қорғау қастерлі міндет деп танылды. Қазақстан бүкіл әлемге зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде мойындалды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
