Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі құбылмалы жағдайға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне сеніммен қадам басып, ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырғанын айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, алдағы уақытта да ел егемендігін нығайтып, ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу қажет.
Бұл жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді әрі білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Президент Құрылтай депутаттарына да үлкен үміт артатынын жеткізді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарының рөлі ерекше маңызды екенін атап өтті.
«Қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек.
Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент:
«Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды.
Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты.
Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз.
Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ.
Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет.
Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек».
