Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотта құрылыс саласының маманы Вероника Лабаева Тәуелсіздік көшесі, 24 мекенжайындағы тұрғын үйге жүргізілген сараптаманың қорытындысын таныстырды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпарат порталы.
Маманның айтуынша, ғимарат қаңқасыз жүйе бойынша салынған. Құрылыс кезінде қолданылған 2.183 сериялы Д-69 конструкциялық торабы бес қабатқа дейінгі үйлерге арналған, алайда аталған нысан тоғыз қабатты болып салынған.
Сараптама барысында нақты орындалған кірпіш қалау жұмыстары мен бастапқы жобалық құжаттама арасында елеулі айырмашылық бары анықталған.
Лабаеваның сөзінше, тоғыз қабатты ғимаратта конструкцияны күшейтетін армобелдеулердің болмауы да маңызды мәселе. Бұл ғимараттың кеңістіктік беріктігіне кері әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар сарапшы қалау ерітіндісінің беріктігі нормативтік талаптарға сәйкес келмегенін айтты. Зерттеу нәтижесінде ерітіндінің М25 маркалы екені анықталған. Маман мұндай ерітіндінің жүк көтергіш конструкцияларда қолдануға арналмағанын атап өтті.
Сараптама кезінде ғимараттың жылу оқшаулағыш материалы да жобадан өзгеше болғаны анықталған. Жобада минералды мақта қарастырылса, құрылыс кезінде оның орнына пенополистирол қолданылған. Маман бұл өзгерістің негіздемесі іс материалдарында көрсетілмегенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін аталған үйдің тұрғындары құрылыс сапасына бірнеше рет шағымданғандарын сотта мәлімдеген. Сондай-ақ бұл мәселеге қатысты бұған дейін сот отырысы да өткен.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада осы үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың қатарында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болған. Ол ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.
