«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың Абай мен Құнанбайға қатысты айтқан сөзі қоғамда қызу талқыға түсті. Партия жетекшісінің мәлімдемесіне белгілі мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы әкімінің кеңесшісі Базарбек Атығаев та пікір білдіріп, ойын өткір жеткізді, деп жазады Muztaumedia.kz.
Айдарбек Қожаназаров Абайдың ұлы ақын ретінде қалыптасуына Құнанбайдың материалдық мүмкіндігі әсер еткенін айтып:
«Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы. Егер де Құнанбайдың малы болмаса, Абай Абай болмайтын еді. Өйткені Абайдың уақыты болмайтын еді. Мал бағатын еді», – деп елді шулатқан.
Бұл пікірге Базарбек Атығаев келіспейтінін аңғартып, Қожаназаровтың сөзіне қарсы уәж айтты. Мәдениет қайраткерінің пайымынша, партия жетекшісі Құнанбайдың Абайға жағдай жасағанын мысал еткісі келген болуы мүмкін. Алайда ойын жеткізу барысында сөздің салмағын ескермеген.
«Ол “Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…” дегенді айтпақшы болды-ау деймін. Құнекең қайда, сен қайда…» – деп жазды Базарбек Атығаев.
Ол қазақ қоғамында Абайдың атына бұған дейін де түрлі пікір айтылғанын еске салды.
«Біздің қазақта “малға достың малдан басқа мұңы жоқ”, “малдан боғы ғана бөтен” дегендей, талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды», – деді мәдениет қайраткері.
Атығаев Абайдың өз шығармаларындағы сөздерді мысалға алып, қоғам алдында сөйлейтін адамның сөзге жауапкершілікпен қарауы керектігін меңзеді.
«Қуаты күшті нұрлы сөз, қуатын білген абайлар…» – деген Абай сөзін келтірген ол: «Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін», – деп жазды.
Мәдениет қайраткері жазбасының соңында британ саясаткері Бенджамин Дизраэлиге телінетін:
«Вы придете в ужас, когда узнаете, что вами управляют низкие люди» деген сөзді келтіріп: «Осы жағы ғана өте қорқынышты!» – деп түйіндеді.
Осылайша Айдарбек Қожаназаровтың Абайдың қалыптасуында Құнанбайдың дәулетін басты фактор ретінде көрсеткен пікірі мәдениет қайраткері Базарбек Атығаевтың өткір сынына ұласты.
Бұл пікірталас Абайдың ұлы тұлға ретінде қалыптасуындағы Құнанбайдың рөлі, материалдық мүмкіндік пен шығармашылық еркіндіктің арақатынасы, сондай-ақ тарихи тұлғалар туралы сөз айтудың жауапкершілігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
