Жетісу облысында туризмді дамыту мақсатында жалпы құны шамамен 130 миллион теңгені құрайтын екі ірі мемлекеттік сатып алу жарияланды. Оның бірі туристік турларды ұйымдастыруға бағытталса, екіншісі өңірдің туризмін дамытудың 2026–2031 жылдарға арналған мастер-жоспарын әзірлеуге арналған. Мемлекет басшысы бюджетті үнемдеуді қатаң тапсырса, Жетісу облысының әкімдігі блогерлерге миллиондап қаржы жұмсамақ.
Облыстық туризм басқармасы жариялаған сатып алу құжаттарына сәйкес, туристік турларды ұйымдастыруға 43,1 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа мердігер келушілерге ұшақ және пойыз билеттерін алып беру, қонақүйге орналастыру, тамақтандыру, гид қызметін көрсету, мәдени бағдарлама ұйымдастыру және көлікпен қамтамасыз ету жұмыстарын атқаруы тиіс, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, турларға қатысушылар бизнес-класс жеңіл көліктерімен, жол талғамайтын көліктермен, шағын автобустармен және автобустармен тасымалданады. Қонақтар үш, төрт немесе бес жұлдызды қонақүйлерге, сондай-ақ глэмпингтер мен қонақ үйлерге орналастырылады. Тамақтандыру кезінде халал, вегетариандық мәзір немесе тағамдық аллергиясы бар адамдардың қажеттіліктері де ескерілмек.
Құжатта блогерлер мен БАҚ өкілдерін тартуға ерекше назар аударылған. Турларға қатысатын блогерлердің кемінде 200 мың жазылушысы болуы қажет. Сонымен қатар тапсырыс берушінің келісімімен блогерлерге, журналистерге және басқа медиа тұлғаларға гонорар төлеу немесе шығындарын өтеу мүмкіндігі қарастырылған.
Ал екінші сатып алу аясында 86 миллион теңгеден астам қаржы өңірдің туризм саласын дамытудың мастер-жоспарын әзірлеуге жұмсалмақ. Болашақ құжатта туристік әлеуетке жан-жақты талдау жасалып, инвестициялық мүмкіндіктер, туристік кластерлер, маркетингтік стратегия, жол картасы және 2031 жылға дейінгі даму болжамы әзірленуі тиіс.
Сонымен қатар орындаушы туристік нысандарды зерттеп, кәсіпкерлермен және туроператорлармен сұхбат жүргізіп, дрон арқылы әуеден түсірілім жасап, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде кемінде үш таныстырылым видеосын дайындауы қажет.
Әрине, туризмді дамыту үшін ұзақ мерзімді жоспардың болғаны маңызды. Сарапшылар да өңірлердің туристік әлеуетін зерттеп, нақты стратегия әзірлеу қажет екенін жиі айтады. Алайда мұндай жобалардың тиімділігі көбіне олардың іс жүзінде қалай орындалатынына байланысты.
Егер бұл бастамалардың нәтижесінде Жетісу облысына келетін туристер саны артып, жаңа инвестициялық жобалар іске қосылып, жергілікті кәсіпкерлердің табысы өссе, бөлінген қаражат өзін ақтауы мүмкін. Ал егер нәтиже тек әдемі презентациялар, әлеуметтік желідегі жарияланымдар мен есептермен шектелсе, онда миллиондаған теңгенің тиімділігіне қатысты сұрақтардың туындауы заңды.
Туризмді дамытуда жарнама маңызды құрал болғанымен, саяхатшыларды өңірге ең алдымен сапалы жол, қолайлы инфрақұрылым, қауіпсіздік, қызмет көрсету деңгейі және ерекше әсер тартатыны белгілі. Сондықтан қомақты қаржының нақты нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады.
