Әнші Мөлдір Әуелбекова бұрынғы продюсері Бағым Мұхитденованың сынынан кейін алғаш рет пікір білдірді. Өнер иесі шығармашылығында жаңалық болатынын айтып, алдағы уақытта көрерменіне жаңа жобаларын ұсынатынын жеткізді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

«Ұзақ үзіліс болды. Карантин және декрет. Биыл күш-жігерімді жинап, шығармашылығыма толық кірістім. Оңай емес, әрине. Көрерменнің талғамы өзге, биік. Сол себепті жылдың басынан қадамымды мерейтойлық гастрольмен бастадым. Мақсатым жеке ән кештерімде халықтың батасын алу еді. Алдым. Рақмет! Ризамын! Сағынысып қалғанымыз тағы бар. Гастрольдік сапарда үлкен қошеметке бөленіп, шабытым тасып келдім. Сол деммен өз тыңдарманымды жиі-жиі Құдайдың берген талантымен қуантуға тырысып жүрмін. Ал бұйырса, білек сыбана кіріскен шығармашылығымның жаңа дәуірін тамашалай жүріңіздер, құрметті тыңдарманым!» – деп жазды әнші.

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Мөлдір Әуелбекованың жазбасына «Моля, ұстазыңызбен достасыңыз» деп пікір қалдырған. Әнші оған «Құдай сақтасын, бетін аулақ» деп жауап берген.

Осыдан кейін Бағым Мұхитденова әлеуметтік желідегі жазбасында әншінің өнер жолының басталуына көрсеткен көмегін еске алып, олардың өткен қарым-қатынасына қатысты ренішін білдірді.

Продюсер Мөлдір Әуелбекованы кезінде өз шаңырағына тұрғызғанын айтып, отбасы мен ақшаға қатысты жеке бас мәселелерін жайып салған.

 

«Құдайға шүкіршілік айтып отырып, сол Құдайдың «жақсылық жасаған адамға алғыс айт» деген аманатының орнына «бәлесінен аулақ» деуің дұрыс па? Қазақ сахнасына есік ашып бергенімді ұмытып, «бәріне өз күшіммен жеттім» деуің дұрыс па? Адал асымды ішіп, шаңырағымда тұрып, бетіме күліп, артымнан сатқындық жасағаның дұрыс па? Күйеуімнің назарын ғана емес, ұлым екеумізге тиесілі қаражатын алып қойғаның дұрыс па?» – деп жазды ол.

Сонымен қатар продюсер бұл мәселелерді жылдар бойы ашық айтпай, іште сақтап келгенін айтып, әншінің өзін әлеуметтік желіде құрбан ретінде көрсетуіне қарсылық білдірді.

 

«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген халықпыз, мен бәрін кештім. Жылдар бойы өз жарамды өзім таңып, үндемей, іштей жылап қана келемін. Менің күйімді біле тұра, өзіңді құрбан етіп көрсетуің дұрыс па?» – деді Бағым Мұхитденова.

Ол Мөлдір Әуелбековаға өнер жолының қалай басталғанын ұмытпауға кеңес берді.

Share.
Exit mobile version