Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді сабақтан кейін ата-аналар чаттарында орынсыз мазаламау туралы ұсынысына түсініктеме берді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Министрдің айтуынша, педагогтер сабақ аяқталғаннан кейін де келесі күнге дайындалып, басқа да жұмыс атқарады. Сондықтан шұғыл мәселе болмаса, мұғалімдерге кешкі уақытта қажетсіз сұрақтармен хабарласпаған жөн.

«Менің үндеуім – ұстаздарымыздың жеке өмірі бар екенін, олардың күнделікті уақыты бар екенін ескеруге шақыру. Одан бөлек, ұстаздар келесі күнге дайындалып келуі қажет», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр ата-аналарға мұғалімдерге 18:00-ден кейін хабарласпау ұсынылғанын айтты. Алайда бұл барлық мектепке ортақ қатаң талап емес.

Себебі кей білім беру ұйымдарында екінші ауысым кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Осыған байланысты ата-аналар мен педагогтер арасындағы байланыс уақыты мектептің жұмыс тәртібіне қарай белгіленуі мүмкін.

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерге кешкі уақытта хабарласқан ата-аналарға айыппұл салу жоспарланбағанын атап өтті.

«Ондай ата-аналарға айыппұл қарастырылмаған. Ондай ойымызда жоқ. Бұл жерде қоғамдық әдеттің, этиканың жаңа нормасын қалыптастыру туралы ұсынысым болды», – деді министр.

Оның сөзінше, шұғыл жағдай туындаса, мұғалім ата-анамен байланысып, мәселені шешуге көмектеседі. Ал күнделікті мәселелерге қатысты сұрақтарды педагогтің жұмыс уақытында қойған дұрыс.

Share.
Exit mobile version