Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмысын сынға алып, жол сапасына қатысты мәселелерді шешуді талап етті. Бұл туралы Muztaumedia.kz. ақпарат порталы хабарлады Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Жиында «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашев республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы мен қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның сөзінен кейін премьер-министр компания жұмысында әлі де шешілмеген мәселе көп екенін айтты.
«Баяндама жақсы. Бірақ шешімін таппаған проблемалық мәселелер өте көп. Олар туралы сіз айтпадыңыз. Президент атап өткен барлық кемшілік сіздердің жұмыстарыңызға да тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасын жақсартып, жағдайды түзету қажет. Жұмыс істеңіз, әйтпесе бұл жұмысты басқа адамдар атқарады», – деді Олжас Бектенов.
Дархан Иманашевтің айтуынша, қыркүйектің басынан бері автоматтандырылған салмақ-габарит бақылау станциялары 4 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтаған. Қазір республикалық трассаларда осындай 46 станция жұмыс істейді. Алайда кей жүргізушілер бақылаудан жалтару үшін рұқсат етілмеген айналма жолдарды пайдаланатыны немесе көлікті дұрыс тіркеуге кедергі келтіретіні айтылды.
Компания мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр. Сонымен қатар республикалық жолдарға қосымша ақпараттық белгілер мен таблолар орнатылып жатыр. Қазір трассаларда 56 ауыспалы ақпарат белгісі және 126 ақпараттық табло бар, ал алдағы уақытта тағы 244 белгі мен 110 табло орнату жоспарланған.
