Әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында Мәскеуге сериал түсіруге кеткен қызы Ақбота туралы жазды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Оның айтуынша, Ақбота Ресейде 72 күн бойы түсірілім алаңында болып, енді елге оралған. Түркістан музыкалық театрының актрисасына Ресейдің «Горничная» сериалында Айколь есімді қырғыз қызының рөлі бұйырған.
Роза Әлқожа қызына тиген рөлдің оңай болмағанын атап өтті. Сериалда мигрант болып барып, өмірдің қиындықтарын көрген Айкольдің тағдырын сомдау үшін Ақбота ұзақ уақыт бойы түсірілімге қатысқан.
«Қолдары қып-қызыл болып, әртүрлі сурет салғанда жүрегім бір бұлқынып қоятын. Кешкі алтыдан таңғы алтыға дейін түсірілім алаңында жүрген қызымның бәле-жаладан аман болуын Алладан ғана тіледік. Аллаға шүкір, бәрі сәтімен болды. Түркістан музыкалық театрының актрисасы енді Okko-ның басты кейіпкері!» – деп жазды Роза Әлқожа.
