Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын жүргізген блогер Айзада Жамгырчиева қазақстандық депутат Айдарбек Қожаназаров сыйға тартқан көлігін көрсетті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Бұған дейін Көкпар федерациясының президенті әрі Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров Көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасын ерекше ықыласпен таныстырған қырғызстандық жүргізушіге көлік сыйлаған болатын.
Депутаттың бұл шешімі қоғамда қызу талқыланып, сынға да ұшыраған еді. Ал Айзада Жамгырчиева әлеуметтік желідегі оқырмандарына үн қатып, қазақ халқына алғысын білдірді.
Блогер сыйлықты екі ел арасындағы достық пен бауырластықтың белгісі ретінде қабылдайтынын айтты.
«Кейде бір сыйлықтың артында мың сөзге татитын мән жатады. Қазақ халқы, уәдеде тұрып, көрсеткен сый-құрметтеріңіз үшін шын жүрегімнен алғыс айтамын! Қырғыз бен қазақты шекара бөліп тұрғанымен, жүрегімізді ештеңе бөле алмайды. Тарихымыз тамырлас, тіліміз үндес, көңіліміз бір. Қазақ еліне көп рахмет!» – деп жазды блогер.
