Үкімет жәрдемақылардың тізімі мен ол жәрдемақы нақты кімдерге тағайындалатыны туралы, олар қандай жағдайда тоқтап, қандай жағдайда қайта төлене бастайтыны туралы қаулының мәтінін жариялады. Қаулы 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Яғни, бұл жәрдемақылар ауқатты деп танылған азаматтар үшін 1 қаңтардан бастап тоқтайды, деп жазады Muztaumedia.kz.
Сонымен, үкімет қаулысына сай, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әл-ауқаты жоғары санатқа жататын азаматтар мына жәрдемақыларды алмайды:
- Бала туғанда берілетін жәрдемақы;
- Бала 1,5 жасқа толғанша берілетін жәрдемақы;
- Көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
- Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау, төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату шарттары;
- Өздері асырауында болған асыраушысы қайтыс болғанда еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
- Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
- Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
- Мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балалар) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы;
- Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы
Қаулының толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.
Отбасының санаты қалай анықталады?
Алдымен санаттардың шегіне тоқталайық. Еңбек министрлігінің құжатында көрсетілгендей:
А деңгейіне — 1800 және одан жоғары балл жинаған отбасылар мен жалғыз тұратын азаматтар;
В деңгейіне — 730-дан 1799 балға дейін;
С деңгейіне — минус 30-дан 729 балға дейін;
D деңгейіне — минус 460-тан минус 29 балға дейін;
Е деңгейіне — минус 459 балл және одан төмен көрсеткіш жинағандар жатады.
Жаңа тәртіп тек А және В санаттарына, яғни 730 және одан жоғары балл жинағандарға қатысты.
Отбасының санатын «Цифрлық отбасы картасы» ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде автоматты түрде анықтайды.
Бұған дейін хабарлағынымыздай, Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 39 мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып беруді ұсынды. Ереже барлық азаматқа бірдей қолданылмайды, өзгерістер «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әл-ауқаты жоғары деп танылған А және В санатындағы отбасыларға қатысты болып отыр. Өзгерістер туралы хабарламалар азаматтарға бүгіннен бастап SMS, eGov Mobile немесе банк қосымшасы арқылы келе бастайды.
