Алматыда 24 шілдеде алтыншы қабаттан құлап қаза болған 2004 жылы туған Сана Нұржанованың өліміне қатысты күдікке ілінген Сейдулла Даниалдың туыстары, адвокаты және достары баспасөз мәслихатын өткізді. Олар сотқа дейінгі тергеудің объективті жүргізілмей жатқанын айтып, Сейдулланың құқықтары бұзылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.  

Оқиға 24 шілдеде Алматының Әуезов ауданында болған. Сағат 04:54-те полицияға №1 шағынаудан, 77/3 үйдің алтыншы қабатынан қыздың құлап кеткені туралы хабарлама түскен. Жедел жәрдем келгенге дейін қыз көз жұмған.

Полиция аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігімен, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Тергеу барысында марқұмның Сана Нұржанова екені анықталған. Ол оқиға кезінде жігіті Сейдулла Даниалмен бірге жалдамалы пәтерде болған.

Қорғау тарапының мәліметінше, бастапқы кезеңнен-ақ Сейдулла тергеуге көмектесіп, жауап алу кезінде өзіне белгілі мән-жайларды баяндаған және кінәсіз екенін айтқан. Сондай-ақ ол тергеуден жасырынбағанын және ұялы телефонын зерттеу үшін өз еркімен бергенін жеткізді.

8 тамызда Сейдуллаға қатысты күдік қайта сараланған. Оған Қылмыстық кодекстің 105-бабы 2-бөлігі және 110-бабы 2-бөлігі бойынша күдік келтірілген. Қорғау тарапының айтуынша, жаңа күдіктің мәні Сейдулла мен оның адвокатына тиісті тәртіппен түсіндірілмеген.

Сол күні сот қаулысымен Сейдулла Даниал екі айға қамауға алынған. Оның қамауда ұстау мерзімі 6 қазанға дейін белгіленген.

Адвокат Николай Лигайдың сөзінше, қорғау тарапы тергеу барысында Сейдулланың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар анықталмаған деп есептейді.

«Процестік дәлел ретінде келтіріліп отырған күдіктің өзі тексерілмеген және жол берілмейтін дәлелдерге негізделген», – деді адвокат.

Даниалдың достары да оның қамауға алынуына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Даниалдың досы Жангир Тумановтың айтуынша, Сейдулла тергеуден қашпаған және тергеу органдарымен ынтымақтастық орнатуға тырысқан.

Қорғау тарапының мәліметінше, тергеу барысында жәбірленуші тараптың өкілдеріне басымдық беріліп отыр. Олар бұл жағдай Сейдулланың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деп санайды.

Даниалдың тағы бір досы Руслан Коржовтың сөзінше, Сейдуллаға қатысты істің объективті қаралуы маңызды.

Пресс-конференция барысында спикерлер Сейдулла Даниалды қамауға алудың мән-жайын, қылмыстық істің қайта саралану себептерін және тергеу нұсқасына негіз болған дәлелдерді жария түрде талқылады.

Олар Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына сотқа дейінгі тергеудің объективті жүргізілуін қамтамасыз ету туралы үндеу жасады.

Сонымен қатар қорғау тарапы істің қоғам назарынан тыс қалғанына да алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, қылмысқа қатысты қалыптасқан тергеу нұсқасы бойынша Сейдулла Сана Нұржановты жүйелі түрде ұрып-соғып, қорлаған деген күдікке ілінген. Алайда қорғау тарапы бұл нұсқамен келіспейді және істі жан-жақты тексеруді талап етеді.

Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша Сейдулла Даниалдың кінәсі сот үкімімен дәлелденген жоқ. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

Share.
Exit mobile version