Фото: istockphoto.com
Әлеуметтік желіде тараған кадрларда оқиғаны сақтықпен әрі алаңдай түсіріп тұрған адам көрінеді. Видеода ер адамның бір қолында домбыра ұстап, екінші қолымен баланы ұрып жатқаны байқалады. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл видеоны Қордай ауданындағы үйірмелердің біріндегі жағдаймен байланыстырды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, осы факті бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамауға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің бабымен қылмыстық іс қозғалған.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», – деп хабарлады ведомство.
Ер адамның өзі жариялаған үндеуінде зардап шеккен баланың өзіне сабақ беретін оқушы екенін айтып, оның анасынан кешірім сұрағанын жеткізді.
«Әлеуметтік желілерде тараған видеоға байланысты ең алдымен баладан және оның ата-анасынан шын жүрегіммен кешірім сұраймын. Бұл жағдай бір жыл бұрын болған», – деді ол.
Өз әрекетін түсіндіре отырып, ер адам сол сәтте эмоцияға беріліп кеткенін айтып, мұндай қылықтың мұғалімге мүлде жараспайтынын мойындады.
«Сол кезде эмоцияға беріліп, мұғалімге жол беруге болмайтын әрекет жасадым. Өз ісімді ақтамаймын және оны толық мойындаймын. Заң алдында жауап беруге дайынмын. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды», – деді ер адам.
Полиция сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
