Сәтбаев қаласында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қала аумағын абаттандыруға және тазалықты сақтауға бағытталған акция өтті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға 50 бала қатысып, қала аумағында тазалық жұмыстарын жүргізуге өз үлестерін қосты. Жастар мен балалар қоғамдық орындарды қоқыстан тазалап, айналаны ретке келтіруге атсалысты.
Акция соңында барлық қатысушыларға ынталандыру мақсатында «Кинза» отбасылық мейрамханасына 3 000 теңгелік сертификаттар табысталды.
Шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақ арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты әрі жауапкершілікпен қарауды насихаттау, сондай-ақ туған қалаға деген жанашырлық сезімін арттыру.
Тазалық акциясына қатысқан балалар өз еңбектері арқылы қоршаған ортаға деген қамқорлықтың маңызды екенін көрсетті. Таза әрі жайлы қала – баршаға ортақ жауапкершілік.
