Ақтөбеде ұлы соққыға жығылған жігіттің анасы сұмдық жайттарды жайып салды. Оның сөзінше, Ұлттық ұлан қатарында қызметте жүрген ұлы соққы жеген. Айтуынша, әскерге шақырылған жас сарбазды жатқызып қойып, қорлайтын көрінеді. Гүлдана Ерманқызы, ұлының қуығы жарақат алып, жеңіл дәретке бара алмай қалғанын айтып отыр. Көп балалы ананың сөзінше, оқиға Ақтөбе облысындағы әскери гарнизонында орын алған.
Muztaumedia.kz порталының тілшісі ауруханада жатқан сарбаз Еркебұлан Досымбеттің анасынан сұхбат алды.
Фото: сарбаз Еркебұлан Данилұлы
Гүлдана Ерманқызы, ұлыңызды көрдіңіз бе, қазіргі жағдайы қалай балаңыздың?
— Балам емделіп жатыр. Тергеушілер мен прокурорлар ашық айтуға тыйым салып отыр. Мен баламды ұрған сержанттарды да, олардың ата-анасын да көрмедім. Бізден ешкім кешірім сұраған жоқ. Ұлым ауруханада жатыр, әлі ем алады. Бастысы аман қалғанына шүкір деймін, қазақтар шүкір дейміз ғой осындайда. Мен келгенде сие алмай, аппаратпен жатты. Азып кеткен, шаштары өскен, түрден түр қалмаған. Көзі үңірейіп, қорқып, азып кеткен. Әлі ауырсынып жүр, соққы алған соң бірден жазылып кетпейді ғой.
Ұлыңызбен еркін сөйлесе алдыңыз ба, балаңыз өзгеріп пе? Сержанттар өзін соққыға қалай жыққанын, қалай ұрғанын ашық айтты ма? Әскери бөлім басшылары сіздерге көмектесіп жатыр ма?
— Бізге әскери бөлімнің басшылары пәтер жалдап берген еді басында. Арыз жазылған соң ол пәтерді қайта тартып алды. Аурухананың жанында күндіз-түні машинада жатырмыз әкесі екеуіміз. Көп дүниені ашық айта алмаймыз, тергеу жүріп жатыр, бізге айтқызбай отыр. Арыз жазылды, біз істі сотқа дейін апарамыз. Балам басынан да соққы алған. Балам туғаннан көзі нашар, — 4 еді, оны әскерге қалай алған? Медициналық тексеруден қалай өткізген? Ұлым басымыздан да ұрады деп айтты. Біз әкесі екеміз ұлымыздың көзін кеше тағы тексерттік, ұлым — 4 деген белгімен де көре алмай қалған. Ертең ақылы түрде тағы апарып тексертеміз көзін.
Ұлыңыз үйдің нешінші баласы, әскерге қашан кетіп еді?
— Менде төрт бала бар, алғашқы екеуі қыз, үлкендері. Еркебұлан ұлдың үлкені. Екі қыздан кейін екі ұлым бар. Еркебұлан 2007 жылы туған. Ұлым армияға 2026 жылдың 3-шілдесінде кетті. Арманы еліне, Отанына қызмет ету, әскерге барып Отан алдындағы борышын өтеп, ары қарай әскери қызметте қалып, жұмыс істеу еді. Мына сержанттар баланың сағын сындырып отыр. Бүгінгі таңда баланың көңіл күйі жоқ мүлдем. Түрі жаман, азып кеткен, сие алмай қиналған. Әп әдемі баламды осындай жаман күйінде көрдім.
Бұған дейін Нұрбол деген командирі хабарласып, «ұлдарыңыз жарыстан орын алды, жақсы тәрбиелепсіздер» деген еді. Марқайып, мәз болған едік. Енді міне, сержанттардың істеп отырғандары. Осындай жағдайға түсіретіндей менің балам оларға не істеп қойды? Сол сержанттар камера жоқ жерде ұрып жүрген. Ұлымның армиядан жүрегі айнып қалған, алып кетіңдерші дейді. «Не хочу служит, мен не істедім оларға соншалықты ұрып, азаптайтындай» дейді ұлым. Ұлым оларға айтқан, «жігіттер қойыңдар, еркекпіз ғой, неге бізді азаптай бересіңдер» деп, сондада қоймаған кезектесіп ұрып. Ұлым, «мені ғана емес, барлығымызды солай камера жоқ жерде жатқызып алып, үстімізден ойыншық қылып жүгіреді. Неше түрлі азапты көрсетеді, шаптан ұрадыі» деді.
Фото: Еркебұлан Досымбет, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезі
Осындай сорақылықты ұлыңыздың өзінің аузынан естіпсіз. Сорақылық жағдайларды әскердегі басшыларға айттыңыз ба, олар не дейді?
— Қолбасшылықтағы адамның өзі дұрыс емес. Кешірім сұрағанның орнына, «Скажи спасибо, что я отправил в больницу, а то ты бы даже не знал» деді. Біз бесі күні келдік, сонда жолыққан басшылардың айтқан сөзі. Басшылар бізді қорқытып, неше түрлі аузына келгендерін айтты. Екінші басшы, «На твоего ребёнка тоже хватает у меня компромата» деп бопсалады. Армиядағы қателікті реттегенннің орнына мен қорқытып, бопсалап жүр. Кешірім де сұраған да жоқ.
Ұлыңызды соққыға жыққан сержанттарды көрдіңіз бе? Талабыңыз қандай?
— Менің талабым, осы үш сержантты соттату. Осы үшеуі ұлымды ұрған. Осы жолға шықтым, себебі, Қазақстанда онсызда солдаттар өліп жатыр, оны істейтін осындай оңбағандар. Барған солдат мүгедек болып келеді, барған солдат ауру болып келеді, барған солдат өзін өзі асып қояды. Сондықтан мен осы үш сержанттың сотқа тартылуын талап етем және сот ашық болу тиіс. Қоғам көруі керек, баланы азаптағанның соңы не болатынын.
Ақтаудан Ақтөбеге барыпсыздар машинамен, далада, көлікте қонып жатыр екенсіздер. Күйеуіңіз, жолдасыңыз анау қол жұмсағыш сержанттармен жолыға алды ма?
— Күйеуім күтті оларды, жолықтырыңдар деді. Келмеді ешқайсысы, жолықтырмады. Бәрі адвокат жалдап алған, тергеуге адвокаттарымен барып жүр. Мойындамай жатыр. «Біз ешкімді ұрған жоқпыз, білмейміз кім ұрғандарын» деп өздері «аң-таң» болып жүр екен. Олар адвокат алып алып, бізді қорқытуға көшті. Олар әбден жазаланбай, адам ұрып үйреніп алған.
Редакциядан:
Ал Ұлттық ұланның Офицер корреспонденті Мақсат Насыр, аталған іс бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, қуығындағы ақау, тепкеннен, ұрғаннан емес.
— Медицина қызметкерлері, «түстен кейін балаларыңды алып кетіңдер» деп жатыр. Денсаулығына шағым жоқ, жақсы. Ал жаңағы дәрет сындыра алмай, құрылғымен жүргені, тепкеннен, ұрғаннан емес. Медицина қызметкерлерінің айтуы бойынша. Оныда тергеу аяқталғанша нақты айта алмаймыз. Ол жерде простатит дегенді айтып жатыр. Бұл жерде анау сержанттардың да тағдыры бар, оларды да ойлаған дұрыс-ау. Әрине, ұратын болса, ұрып-соқса аямау керек. Бірақ оларда адам ғой. Бұл сарбаздың өзінде де психологиялық ауытқулары бар сияқты, — деді Ұлттық ұланның Офицер корреспонденті.
Ал Бұл Әскери тергеу басқармасының мәліметінше, қазір сараптама тағайындалған.
— 4 қыркүйекте ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласында орналасқан әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларының құқыққа қайшы әрекеттері туралы мерзімді әскери қызметші Е. Досымбеттің өтініші негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Жәбірленушінің барлық уәждері сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында толық көлемде тексеріліп, әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеу жалғасып жатыр және бақылауға алынған. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Іске қатысты өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды, -делінген хабарламада.
