Таиландта жоғалып кеткен Ресей азаматтары – 22 жастағы Диана мен 17 жастағы Романның өлтірілген, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.

Baza Telegram-арнасының мәліметінше, Таиланд полициясы жастарды ұрлады деген күдікпен қылмыстық топтың жетекшілері болуы мүмкін бірнеше адамды ұстаған. Тергеу барысында күдіктілер қылмыстарын мойындап, 17 жастағы Романды атып өлтіргендерін, ал Диананы соққыға жығып өлтіргендерін айтқан.

Сондай-ақ олар марқұмдардың мәйіттері жасырылған жерді көрсеткен. Қазір оқиға орнында тергеушілер мен криминалистер қажетті сараптамалық және тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, қылмысқа жастардың мотоциклін иемдену ниеті себеп болған. Кейін бөлшектелген мотоцикл күдіктілердің бірінің үйінің маңынан жерге көмілген күйде табылып, дәл осы айғақ полицияның күдіктілердің ізіне түсуіне мүмкіндік берген.

Еске салайық, Диана мен Роман 25 шілдеден 26 шілдеге қараған түні Паттайяда үйден скутермен шығып кеткеннен кейін хабар-ошарсыз қалған. Анасының айтуынша, жоғалар алдында қызы өзін біреулер аңдып жүргендей сезінетінін айтқан.

Бірнеше күннен кейін полицейлер жерге көмілген скутерді тапқанымен, жастардың ізіне қатысты ешқандай дерек анықталмаған еді.

Тергеу жалғасып жатыр. Мәйіттер табылған орынға жүргізілген тексерудің ресми қорытындысы мен тергеу нәтижелері әзірге жарияланған жоқ.

Share.
Exit mobile version