Фото: optimism.kz
Respublica партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Шолпан Әбдіхалықова күйеуіне қатысты айтылған алаяқтық туралы айыптауларға жауап берді. Ол кәсіпкермен арада қаржылық қатынас болғанын жоққа шығармайтынын, алайда айтылып жүрген бірқатар мәлімет шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Бұл туралы блогер Жан Ахмадиев жариялаған сұхбатта айтылды.
Әңгіме барысында Ахмадиев Әбдіхалықованың күйеуіне қатысты ірі көлемдегі қаржыға байланысты дау жөнінде сұрады. Шолпан Әбдіхалықова тараптар арасында ақша айналымы болғанын растады.
«Араларында ақша болған, болғаны рас. Мен оны жоққа шығармаймын. Алынған ақша – 1 миллион 600 мың доллар. Ол Еркебұланнан алынған. Оның бәрі бір сомамен емес, бөліп-бөліп алынған», – деді Шолпан Әбдіхалықова.
Оның айтуынша, кейін бұл қаржы бойынша есеп айырысу жүргізілген. Әбдіхалықова оған дәлел ретінде хат алмасулар мен төлемдерге қатысты деректер бар екенін айтты.
Сұхбат барысында тағы бір адамның Әбдіхалықованың күйеуіне көлік алып беру үшін қомақты ақша берді деген уәжі сөз болды. Автор сондай-ақ Алматыдағы полиция бөлімшелерінің біріне Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі бойынша арыз берілгені туралы мәліметті алға тартты.
Әбдіхалықова бұған жауап ретінде мұндай іс бұрын қаралғанын, алайда қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылғанын мәлімдеді.
«Қылмыс құрамы болмағандықтан ол іс тоқтатылған. Біз арыз жазғаннан кейін олар өздерін қорғау үшін жиналып барып арыз берген», – деді ол.
Сондай-ақ сұхбатта күйеуінің бұрынғы жүргізушісі тергеуге айғақ берді деген пікір айтылды. Әбдіхалықова мұны да жоққа шығарды.
«Ол – жалған ақпарат. Егер сондай айғақ берген болса, оны баяғыда қамауы керек еді», – деді Шолпан Әбдіхалықова.
Сұхбат соңында Жан Ахмадиев Шолпан Әбдіхалықованың саяси қызметін де сөз етті. Ол бұл дауды саясатпен байланыстырудың қажеті жоқ екенін айтты.
«Саясатты бұл жерге араластырудың қажеті жоқ. Егер саяси сұрақтарыңыз болса, оған да жауап беремін», – деді ол.
Айта кетейікк, Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы шілдеде жарияланған мәліметіне сәйкес, Шолпан Әбдіхалықова Respublica партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы ретінде партияның Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізіміне енгізілген.


