Астанада «01market» ломбардтар желісі тиісті лицензиясыз қаржылық қызмет көрсетіп, заңсыз жолмен 102 млн теңге табыс тапқан,  деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

Тергеу деректеріне сәйкес, компания 2021 жылдан бері «комиссиялық сауда» қызметін сылтау етіп, іс жүзінде азаматтардың мүлкін кепілге алып, оларға қарыз беріп келген.

Бұл схемаға «INVEST PRO KZ» ЖШС, «Исмагулов Р.Б.» және «Pro Kz» жеке кәсіпкерлері де тартылған. Алайда аталған ұйымдардың қаржылық қызметтің бұл түрін жүзеге асыруға қажетті лицензиясы болмаған.

Белгілі болғандай, азаматтарға 30 күнге дейін қарыз беріліп, күн сайын 0,25 пайызға дейін сыйақы есептелген. Ал белгіленген мерзімде төлем жасалмаған жағдайда қосымша айыппұлдар салынған. Қарыз алушылар айыппұлды өтеуге қауқарсыз болса, кепілге қойған мүлкінен айырылған.

Тергеу аясында сот санкциясымен екі пәтерге, үш автокөлікке және екі кеңсе ғимаратына тыйым салынды.

Share.
Exit mobile version