Түркістан облысы Төле би ауданы Қаратөбе ауылында жол-көлік оқиғасынан ерлі-зайыпты қаза тауып, сегіз бала ата-анасыз қалды. Қазір ауыл тұрғындары мен марқұмдардың туыстары балалар тұратын үйді жөндеу үшін асар ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада балалардың ең кішісі небәрі 8 айлық, ал үлкені 15 жаста екені айтылады.
Кеше ғана сегіз бүлдіршін жетім қалды. Әке-шешесі жол апатынан қайтыс болды. Ең кішкентайы – 8 айлық сәби, үлкені – 15 жастағы қыз. Қазір ауылда асар жүріп жатыр. Ағайын-туыс, ауыл тұрғындары қолдарынан келгенше көмектесіп жатыр, – дейді үндеу авторлары.
Олардың сөзінше, балалар тұратын үйде жылу жүйесі толық жасалмаған, газ тартылмаған. Сондықтан туыстары мен ауыл азаматтары баспананы тез арада жөндеп, балалардың тұруына қолайлы жағдай жасауға кіріскен.
Үндеу авторлары үйдегі жағдайды тиісті органдар тексеретінін айтып, балалардың туыстарының қамқорлығында қалуы үшін баспананы талапқа сай ету маңызды екенін жеткізді.
– Қазір бұл жерде құрылыс жүріп жатыр. Бауырлары, туыстары, ағайын-жекжаттары осы үйді аяқтауға жұмылып жатыр. Сегіз баланың өз ортасында, туыстарының қамқорлығында қалғанын қалаймыз, – делінген бейнежазбада.
Отбасына көмектесу үшін қайырымдылық қаражатын жинау да басталған. Үндеу жасаған азаматтар тұрғындарды құрылыс жұмыстарына қатысуға немесе мүмкіндігіне қарай қаржылай қолдау көрсетуге шақырды.
