Құрылтай отырысында депутат Снежанна Имашева жоғары өкілді органның ішкі жұмыс тәртібін айқындайтын Регламент жобасын таныстырды, деп жазады Muztaumedia.kz.

Депутаттың айтуынша, жаңа құжат 31 тарау мен 310 тармақтан тұрады. Онда Құрылтай мен оның жұмыс органдарының қызметі, отырыстар мен тыңдауларды өткізу тәртібі, Үкімет сағаттарын ұйымдастыру, заң шығару процесі, депутаттық бірлестіктердің жұмысы және депутаттардың өкілеттігін жүзеге асыру мәселелері қамтылған.

Имашева Құрылтай жұмысының негізгі формасы сессиялар екенін атап өтті. Кезекті сессия жыл сайын қыркүйектің алғашқы жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін жалғасады. Әр сессия барысында депутаттарға өңірлерге бару үшін кемінде екі рет, 10 күнге дейін уақыт қарастырылады.

Регламент жобасына сәйкес, Құрылтайдың негізгі отырыстары сәрсенбі және бейсенбі күндері өтеді. Тыңдаулар жұмаға, ал Үкімет сағаттары дүйсенбіге жоспарланған. Отырыстың заңды болуы үшін депутаттардың кемінде үштен екісі, яғни 97 депутат қатысуы қажет.

Заң шығару тәртібі де құжатта егжей-тегжейлі көрсетілген. Заң жобалары халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау туралы құжаттарды қоспағанда, үш оқылымда қаралады.

Бірінші оқылым кезінде заң жобасының мақсаты, міндеттері мен негізгі ережелері талқыланады. Екінші оқылымда ұсынылған түзетулер қаралса, үшінші оқылымда құжатты Конституция мен қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге, заң техникасы талаптарын сақтауға және редакциялық қайшылықтарды түзетуге бағытталған өзгерістер ғана енгізіледі.

Сондай-ақ Регламентте депутаттар, комитеттер мен фракциялар тарапынан түзетулер енгізу, салыстырма кестелерді әзірлеу, Үкімет ұсыныстарын қарау және заң жобасын заңнамалық бастама субъектісінің кері қайтарып алу тәртібі белгіленген.

Имашева Құрылтайдың тұрақты комитеттері мен комиссиялары заң жобаларын әзірлеп, отырыстарда қаралатын мәселелерді дайындайтынын айтты. Ал органның үйлестіруші құрылымы – бюро. Оған Құрылтай төрағасы жетекшілік етеді.

Бюро заң жобалары бойынша бас комитеттерді анықтап, күн тәртібінің жобасын қалыптастырады. Сонымен қатар жұмыс органдарының қызметін үйлестіріп, тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу туралы шешім қабылдайды.

Регламент жобасында парламенттік бақылау құралдарына да жеке орын берілген. Олардың қатарында Үкімет сағаты, депутаттық сауал, депутаттық сұрақ және тыңдаулар бар. Бұл тетіктер арқылы Үкімет пен мемлекеттік органдардың қызметіне бақылау жүргізу көзделген.

Депутаттар Премьер-Министрге, Үкімет мүшелеріне, бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларына және өңір әкімдеріне депутаттық сауал жолдай алады. Мұндай сауалдарға жауап бір айдан кешіктірілмей берілуге тиіс.

«Осылайша, Регламент парламенттік диалог пен бақылаудың бірнеше түрін көздейді», – деп атап өтті Снежанна Имашева Құрылтай отырысында.

Share.
Exit mobile version