Жылдам әрі жоғары табыс табуға қызыққан Тараз қаласының 28 жастағы тұрғыны трейдингке инвестиция салу арқылы мол пайда табуға болатыны туралы ұсынысқа сенген. Ол банктен несие рәсімдеп, ақшаны өзін инвестор ретінде таныстырған азаматшаға аударған, деп жазады Muztaumedia.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, бұл ұсыныстың артында Алматы қаласының 24 жастағы тұрғыны болған.

Алайда жәбірленуші күткен пайдасына қол жеткізе алмады. Керісінше, салған қаражатын қайтару кезінде қиындықтарға тап болған. Нәтижесінде келтірілген материалдық шығын көлемі 1,9 миллион теңгені құрады.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Күдікті Ақтөбе қаласының полиция қызметкерлерімен алаяқтықтың 29 дерегі бойынша жүргізілген тергеу аясында ұсталған. Қазіргі уақытта оның өзге де қылмыстық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Полиция департаменті азаматтарды оңай табысқа кенелуге уәде беретін ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және күмәнді инвестициялық ұсыныстар үшін несие рәсімдемеуге шақырады.

Share.
Exit mobile version