Алматыда Bek Air әуекомпаниясының іс жүзіндегі иесі Нұрлан Жұмасұлтанов ұшақ қозғалтқыштарының ұрлануына қатысты күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді.
Журналистің айтуынша, кәсіпкер алдымен жауап алуға шақырылып, кейін күдікті ретінде ұсталған. 9 қыркүйекте Алматының тергеу соты оны екі айға қамауға санкция берген. Осы іс бойынша тағы бір күдікті үйқамаққа жіберілген.
Тергеу 2019 жылдың соңында болған Bek Air ұшағының апатына тікелей қатысты емес. Алайда апаттан кейін жүргізілген тексеру барысында ұрланған қозғалтқыштардың бірі апатқа ұшыраған ұшақтан табылған. Оның ұрланғаны қозғалтқыш нөмірі арқылы анықталған.
Козачковтың дерегінше, қозғалтқыштар Алматы әуежайы аумағында сақтаулы тұрған «Фоккер-100» ұшақтарынан жоғалған. Ұрлықты растайтын куәгерлер мен бейнежазбалар болмағандықтан, тергеу үшін маңызды дерек апаттан кейін ғана пайда болған. Болжам бойынша, пайдаланудан уақытша шығарылған ұшақтан қозғалтқыш шешіліп алынып, кейін Bek Air әуе кемесіне орнатылған.
Еске сала кетейік, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air ұшағы Алматыдан Астанаға ұшуы керек болған. Алайда ұшақ әуеге көтеріле алмай, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, салынып жатқан үйге соғылған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, кейін тағы бір адам көз жұмды.
Қозғалтқыштардың жоғалуына қатысты іс бірнеше жыл бойы Көліктегі полиция департаментінде тергелген. Тергеу барысында шетелдік құқық қорғау органдарына да халықаралық тапсырмалар жолданған.
Биыл Бас көлік прокуратурасы істі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берген. Журналистің мәліметінше, ҰҚК тергеушілері қозғалтқыштың Bek Air ұшағынан табылуына сүйеніп, ұрлыққа әуекомпания иелері немесе басшылары қатысы болуы мүмкін деген болжамға келген.
Нұрлан Жұмасұлтановқа Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі бойынша аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдік тағылған. Аталған бапта мүлікті тәркілеу және 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


