2026 жылы 30 қарашадан бастап Air Astana әуе компаниясы Алматы – Токио бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын іске қосады. Рейстерді аптасына екі рет Airbus A321LR ұшағымен орындау жоспарланған. Ұшақтар Токионың Нарита халықаралық әуежайына (NRT) қонады.
Тікелей рейстің ашылуы Қазақстан мен Жапония арасындағы туристік және іскерлік байланысты дамытудағы маңызды қадам болмақ. Жаңа бағыт Алматыны жапон саяхатшылары үшін қолжетімді етіп, екі ел арасындағы туристер легін арттыруға қосымша мүмкіндік береді.
Жаңа бағыттың іске қосылуы — Алматының Жапония туристік нарығында жүргізіп келе жатқан жүйелі маркетингтік жұмысының заңды жалғасы.
Қыркүйек айында Алматы Токиода өткен Азиядағы ең ірі халықаралық туристік көрмелердің бірі Tourism EXPO Japan 2026 көрмесінде таныстырылды. Visit Almaty стенді кәсіби аудиторияға қаланың туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Алматы өкілдері туроператорлармен, туристік ұйымдармен, ірі компаниялармен және жапон медиасаласының өкілдерімен 150-ден астам іскерлік кездесу өткізді.
Көрмеге қатысу іскерлік байланысты кеңейтуге, Алматының танымалдығын арттыруға және қаланы Жапония нарығында ілгерілетудің жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Жапония нарығымен жүргізілген жұмыстың тағы бір нақты нәтижесі 30 қыркүйекте Almaty Tourism Bureau мен жапондық Rakuten Sports арасында меморандумға қол қойылуы болды. Ынтымақтастық аясында спорттық және оқиғалық туризмді дамыту, Алматыда халықаралық жарыстар өткізу мүмкіндігін қарастыру және қаланы ірі спорттық жобалар арқылы таныту көзделген.
Осылайша, Алматы – Токио тікелей рейсінің ашылуы, шаһардың Tourism EXPO Japan көрмесінде таныстырылуы және жапон бизнесімен серіктестіктің дамуы Алматының Жапония туристік нарығына шығуына бағытталған кешенді жұмысты қалыптастырады. Бұл жұмыс қаланы танытудан және іскерлік байланыс орнатудан бастап, тікелей көлік қатынасын қамтамасыз етуге дейінгі бағыттарды қамтиды.
Бүгінде Алматыдан 60-тан астам халықаралық бағытқа тікелей рейстер орындалады. Қала Қазақстанның ірі авиациялық және туристік хабы ретіндегі орнын одан әрі нығайтып келеді.


