Close Menu
Мuztaumedia.kz — ақпараттық агентігіМuztaumedia.kz — ақпараттық агентігі
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
  • Аймақ
  • Оқиғалар
  • Білім & ғылым
  • Спорт
  • Шоу бизнес
Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram Threads
  • Басты бет
  • Редакция
  • Портал тәртібі
  • Ақпараттық хабарлама
Мuztaumedia.kz — ақпараттық агентігіМuztaumedia.kz — ақпараттық агентігі
Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram Threads
Қаз Рус
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
  • Аймақ
  • Оқиғалар
  • Білім & ғылым
  • Спорт
  • Шоу бизнес
Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram Threads
РУСКИЙ
Мuztaumedia.kz — ақпараттық агентігіМuztaumedia.kz — ақпараттық агентігі
Home»Басты ақпарат»«Көп әйел алу мен талақ айту неге көбейді?»: имам шариғатты жеке бастың мүддесіне пайдаланудың қоғамға қауіпті екенін айтты
Басты ақпарат

«Көп әйел алу мен талақ айту неге көбейді?»: имам шариғатты жеке бастың мүддесіне пайдаланудың қоғамға қауіпті екенін айтты

НұрланНұрлан07.10.202611
Фото: ЖИ

Бүгінде елімізде де, әлемде де діни түйткілдер тым көп. Оның салдары, зияны орасан. Тіптен діни қағидаларды өздерінің жеке бас пайдасына қарай ыңғайлап алатын адамдар аз емес. Бұрмалау бұқарға зиян. Соның бірі қыз-келіншектердің жиі алданып, талаққа тап болуы. Діннің атын жамылған нәпсіқұмар жігіттердің жымысқы әрекеті қоғамды бүлдіріп болды. Аталған мәсел жайлы дінтанушы, теолог PhD докторы Еркінбек Шоқаймен сұхбат құрып көрдік, деп жазады Muztaumedia.kz.

Кейбір діни ағым өкілдері тоқал алуды, әйеліне бірнеше рет талақ айтып ажырасуды немесе әйелді ұстазына «аттастыруды» діни тұрғыдан ақтауға тырысады. Бұл әрекеттердің шариғаттағы нақты негізі бар ма, әлде діни ұғымдардың бұрмалануы ма?

— Бұл жерде бірнеше мәселе қатар аталып отыр. Олардың әрқайсысына жеке баға беру қажет. Исламда көп әйел алуға белгілі шарттармен рұқсат берілген. Талақ та некені тоқтатудың шариғатта қарастырылған жолы. Сондықтан бұл ұғымдардың өзін түгелдей дінге қатысы жоқ деп айту ғылыми тұрғыдан да, шынайы жағдаймен санасу жағынан да дұрыс болмайды.

Алайда діни рұқсат адамды жауапкершіліктен босатпайды. Онымен қатар әділеттілік пен нәпақа міндеттерін де ұмытпау керек. Ажырасудың ислам шариғатында тәртібі, салдары және әйел мен баланың құқықтарына қатысты жауапкершілігі тағы да бар. Рұқсатты бөліп алып, оған қойылған талаптарды елемеу, орындамау — діни ұғымды біржақты пайдалану. Қажет болса оны нәпсіқұмарлыққа қолдану болып саналады.

Ал әйелді ұстазына «беру» немесе «аттастыру» деген мәселе шариғаттың ешбір қағидасына сай келмейді. Әйел — бір адамның екінші адамға табыстайтын мүлкі емес. Ол Алланың дербес құлы және жеке тұлға. Оның еркі, қадір-қасиеті және қорғалуға тиіс құқықтары бар.

Құранда «Бақара» сүресінің 231-аятында әйелдерді зиян келтіру мақсатымен ұстап қалуға және олардың еркі мен қалауына қарсы зорлық жасауға қатаң тыйым салынады. Бұл отбасылық құқықтарды қиянат құралына айналдыруға болмайтынын көрсетеді. Бірақ нақты дерек тексерілмей, мұндай әрекеттерді белгілі бір ағымға. топқа немесе барлық діндарларға телуден сақтанған жөн.

— Үш рет талақ айту мәселесі қалай түсіндірілуі керек? Бір отырыста «үш талақ» деу автоматты түрде ажырасуға әкеледі ме? Мәзһабтар арасында қандай айырмашылық бар?

— Ең алдымен, ажырасу үшін міндетті түрде үш рет талақ айту керек деген түсінікті түзету қажет. Бір талақтың өзі тиісті шарттар орындалса, діни салдар туғызады. Ал алғашқы және екінші қайтарымды талақтан кейін ғидда, яғни күту мерзімі ішінде некені жалғастыру мүмкіндігі бар. Оның нақты тәртібі жағдайға қарай түсіндіріледі.

Ханафи мәзһабында үш талақты бірден беру сүннетке қайшы, күнәлі тәсіл деп бағаланады. Соған қарамастан, шарттары орындалған жағдайда ол үш талақ болып есептеледі. Мұнда маңызды айырмашылық бар, яғни әрекеттің тыйым салынғандығы оның құқықтық салдары жоқ дегенді білдірмейді.

Мәлики, шафиғи және ханбали мәзһабтарының негізгі классикалық ұстанымында да бірден берілген анық үш талақ үшеу болып саналады. Ал Ибн Таймия, Ибн әл-Қайим және бірқатар ғалымдар оны бір талақ деп есептеген. Бұл пікірді ұстанушылар Ибн Аббастан р.а. жеткен, Пайғамбар с.ғ.с. дәуірінде үш талақтың бір болып есептелгені туралы риуаятқа сүйенеді. Ғалымдар осы және өзге дәлелдерді әртүрлі түсіндірген.

Сондықтан жалпы қағиданы білу мен нақты отбасыға үкім шығару — екі бөлек мәселе. «Саған үш талақ бердім» деген сөз бен бір сөзді қайталап айтудың мән-жайы бірдей болмауы мүмкін. Бұрын талақ айтылды ма, сөз қалай құрылды, қандай жағдайда айтылды — бәрі анықталады. «Ашумен айттым» дегеннің өзі талақты жоққа шығармайды. Кәдімгі ашу мен адамның не айтып тұрғанын түсінбейтін күйі өзара ажыратылады. Мұндай мәселеде ерлі-зайыптылар өз бетінше қорытынды жасамай, ҚМДБ-ның пәтуа мамандарына жағдайды жасырмай, толық жеткізгені жөн. Сосын муфтият мамандары жағдайға нақты көзқарасты айтып түсіндіреді. Сонымен қатар діни үкімнің мемлекеттік тәртіппен некені бұзу рәсімінің орнына жүрмейтінін де ескеру қажет.

— Әйелді ұстазына немесе басқа адамға «аттастыру» деген тәжірибе исламның неке және отбасы қағидаларына қаншалықты сәйкес келеді?

— Алдымен «аттастыру» сөзінің астарында нақты қандай әрекет тұрғанын білуіміз керек. Егер күйеуі бар әйелді басқа еркекке әйел ретінде «беру» айтылса, мұндай келісім неке құқығын туғызбайды және ешбір әсері жоқ лақпа сөз болып саналады. Іс жүзіндегі неке тоқтамай және тиісті күту мерзімі аяқталмай, басқа неке қиюға болмайды. Ұстаздық мәртебе бұл талаптардан ешкімді босатпайды.

Егер әңгіме үш талақтан кейін әйелді бұрынғы күйеуіне қайтару үшін алдын ала ұйымдастырылатын өзара келіскен неке туралы болса, бұл фиқһтағы «тахлил» мәселесіне жатады. Яғни екінші неке шынайы отбасы құру үшін емес, бірінші күйеуіне қайта қосылуға жол ашатын амал ретінде жасалады. Мұндай әрекетті жасаушы мен жасатушы хадисте қатаң айыпталған және олардың әрекеті – харам іс.

Құрандағы екінші некеден кейін бұрынғы жұбайына қайта қосылу мүмкіндігін әйелге «міндетті түрде біреуге тиіп шығуың керек» деген талап ретінде түсіндіруге болмайды. Әңгіме өз еркімен құрылған шынайы неке аяқталғаннан кейінгі жағдай туралы болып отыр.

Әйел басқа некеге тұруға да, бұрынғы күйеуіне қайтуға да міндетті емес. Мұндай шешімді күйеуі, туыстары немесе ұстазы өзара келісіп қабылдай алмайды. Әйелдің өзі қалауымен және еркімен таңдап қабылдайтын шешімі ғана шариғаттың шартына сәйкес келеді. Неке шарттарын айналып өтетін әрі әдейі ұйымдастырылған қайсыбір әрекет шариғатқа қайшы.

— «Бұл — діннің талабы» деген уәжбен әйелдің келісімінсіз немесе психологиялық қысым арқылы неке мен ажырасу шешімдерін қабылдату діни тұрғыдан қаншалықты дұрыс?

— Ересек, ақыл-есі дұрыс әйелдің некеге өз еркімен және ризалығымен келісім беруі ханафи мәзһабында шешуші мәнге ие. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің с.ғ.с. өз заманында бір әйелдің еркіне қарсы қиылған некені бұзғаны туралы риуаят бар. Бұл оқиға әйелдің таңдауын елемеуге тыйым салынғанын көрсетеді.

Келісімді жай ғана айтылған «иә» сөзімен өлшеу жеткіліксіз. Егер әйел «қарсы шықсам, отбасымнан айырыламын», «мені дінсіз деп жариялайды» немесе «балаларымды көрсетпейді» деп қорықса, мұндай қысымды елемей некені қия салуға болмайды. Қорқыныштан немесе қысымнан әйелдің үнсіз қалуын ерікті ризалық деп қабылдай алмаймыз. Демек, шариғатта әйелді қорлауға, оны ажырасуды сұрауға мәжбүрлеуге немесе тиесілі құқықтарынан бас тартқызуға ешқашан рұқсат етілмейді.

Негізінде діни үкімді түсіндірудің мақсаты — адамның жағдайын анықтау және құқықтарын сақтау. Ол бір тараптың екінші тарапты бағындыру немесе мәжбүрлеу құралына айналмауы керек.

— Көп әйел алуға қатысты діни рұқсат пен оны жеке басының қалауын қанағаттандыру үшін пайдаланудың арасындағы шекара қай жерде?

— Бұл мәселенің негізгі өлшемі «Ниса» сүресінің 3-аятында берілген. Егер ер кісі әділетсіздік жасаудан қорыққан жағдайда бір әйелмен шектелуі қажет. Демек, көп әйел алу барлық еркекке рұқсат етілген ерекшелік емес.

Әділет деген тек «бәрін бірдей жақсы көремін» деген сөзбен шектелмейді. Ол нәпақа, баспана, уақыт бөлу және балалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету сияқты нақты міндеттерден көрінеді. «Ниса» сүресінің 129-аятында сезімдегі толық теңдіктің қиындығы айтылып, соған қарамастан бір әйелге тұтастай ауып, екіншісін белгісіз жағдайда қалдырмауға тыйым салынады.

Адамның жеке ықыласының болуы өздігінен қайсыбір некені тыйым салынған етпейді. Бірақ оның жеке басының қалауы әділетсіздікті ақтамайды. Алдыңғы отбасының қажеттіліктерін өтемей, балаларын қараусыз қалдыру шариғаттың ешбір шартымен сай келмейді. Мұндай ер азаматқа бір әйелмен шектелу міндетті болып саналады. Демек, әйелінің сезімі мен құқығы қасиетті жауапкершілік деп айтсақ артық кетпейміз.

— Мұндай тәжірибелер әйелдің құқықтарына, ар-намысына, психологиялық жағдайына және балалардың тағдырына қандай зиян келтіруі мүмкін?

— Талақпен қайта-қайта қорқыту әйелдің отбасындағы қауіпсіздік сезімін бұзады. Ол ертеңгі күніне сенбей, өз пікірін айтуға және қандай да бір жақсы іс қимылға баруға қорқып қалуы мүмкін. Мәжбүрлі неке, кемсіту және кінә тағу осы жағдайды одан сайын үдетеді.

Зорлық пен тұрақты қысымның психологиялық салдарын тиісті мамандар бағалауы керек. Мұндай жағдайда имамның «сабыр ет» деумен ғана шектелуі жеткіліксіз. Сабыр етуге шақыру қиянатты ақтауға немесе көмекке жүгінуге тыйым салуға негіз болмауға тиіс.

Бұл жағдайда балалар да отбасындағы қорқыныш пен тұрақсыздықты сезеді. Ересектердің жанжалында оларды бір-біріне қарсы құрал етуге, олардың анасына немесе әкесіне деген сүйіспеншілігін жазғыруға болмайды. Неке тоқтағанымен, ата-аналық жауапкершілік тоқтамайды, соны естен шығармау керек.

— Діни көшбасшының немесе ұстаздың шәкірттерінің отбасылық өміріне араласуы қай кезде рухани жетекшіліктен асып, манипуляцияға айналады?

Имам немесе ұстаз діни мәселені түсіндіріп, тараптарды әділдікке шақырып, қажет болса татуласуға көмектесе алады. Бірақ кеңес беру имамға немесе басқа тұлғаға өзгенің отбасын басқару немесе оған өктемдік ету құқығын бермейді.

Егер ұстаз немесе маман екі тарапты бірдей тыңдамай шешім шығарса, өзіне қарсы пікірді күнә деп айыптаса, отбасылық құпияны қысым жасау үшін пайдаланса немесе басқа маманға жүгінуге тыйым салса, ол рухани жетекшіліктің шегінен шығып отыр. Өзінің жеке пайдасы бар жағдайға ерекше сақ қарау қажет. Мысалы, ұстаз шәкіртін ажырасуға көндіріп, кейін өзі сол әйелге үйленуді ұсынса, мұнда мүдделер қақтығысы туындайды. Демек, оның бұл жағдайда алдын берген кеңесі объективтік сипатта болды деп айта алмаймыз. Оның діни түсіндірмесін тәуелсіз білікті маман тексеруі керек болады.

Адал кеңестің белгісі — адамға дәлелді әрі көзін жеткізіп түсіндіру және оның сұрақ қою құқығын сақтау. «Мен айттым, демек орындауға міндеттісің» деген талаптың өзі шариғат шартына сай келмейді. Себебі, ол соттың қызметін атқармайды.

— «Ұстаз не айтса, соны орындау керек» деген түсінік діни сауаты жеткіліксіз адамдарды қандай қауіптерге ұрындыруы мүмкін?

— Исламда білім иесін, ұстазды құрметтеу міндет. Бірақ ешбір ұстаз қателеспейтін тұлға емес. Хадисте мойынсұну ізгі істердің шеңберінде ғана екендігі айтылған. Адамның талабы шариғатқа қайшы келсе, ізгілік болмаса, оның беделі мен мәртебесі сол талапты дұрысқа айналдырмайды. Біз адамға қарап ақиқатты танымаймыз, ақиқатқа қарап адамды бағалаймыз.

Діни сауаты аз адам маманның көмегіне жүгінеді. Бұл — табиғи жағдай. Алайда білім алу адамның өз мүлкіне, отбасына және жеке өміріне қатысты барлық шешімді ұстазға тапсыру қажет дегенді білдірмейді.

Соқыр бағынудың салдарынан адам баласы кейде материалдық масылдықты «қызмет», қорлауды «тәрбие», ал орынсыз талапты «рухани сынақ» деп қабылдауы мүмкін. Сондықтан түсінбеген мәселенің дәлелін сұрауға, екінші білікті маманнан пікір алуға және қысымға қарсы тұруға әбден болатынын естен шығармау қажет. Діни сауаты жеткіліксіз адамды ұстазға сенгені үшін кінәлауға болмайды. Сол сенімді қасақана теріс пайдаланған тұлғаның жауапкершілігі жоғары болып табылады.

— Мұндай әдеттер қоғамда отбасы институтына және жалпы дінге деген көзқарасқа қалай әсер етеді?

— Неке келісімі қоғамда жауапкершіліксіз және жеңілтек қатынас ретінде танылса, адамдардың отбасы институтына деген сенімі әлсірейді. Әйелдің пікірі ескерілмейтін, бала тағдыры назардан тыс қалатын жағдайды діни сөздермен ақтау Жаратушыға және дінге деген сенімге де зиян келтіреді.

Кейбір адамдар діни қағиданы емес, сол қағиданы айтып отырған адамның әрекетін көреді. Егер сөз бен істің арасы алшақ болса, ол адамның діннің өзінен көңілі қалуы мүмкін. Сондықтан діни қызметкердің жауапкершілігі тек уағыз айтумен шектелмейді.

Мұндай мәселе туындағанда беделді сақтау үшін жасыруға немесе шағымданған адамды үнсіздікке мәжбүрлеуге де болмайды. Себебі, халқымыз «ауруын жасырған өледі» деп айтқан. Жағдайды тексеру, жәбірленушіні тыңдау және қателік анықталса, оны түзету қажет деп ойламын. Сонымен бірге отбасын сақтау деген кез келген жағдайда тараптарды бірге қалуға мәжбүрлеу емес. Татуластыру адамның қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін ескеруге тиіс.

— Жекелеген радикалды немесе маргиналды топтардың әрекеті үшін бүкіл исламды немесе мұсылмандарды кінәлау қаншалықты дұрыс? Мұндай құбылыстарды діннің өзінен қалай ажыратамыз?

— Бір адамның немесе топтың әрекеті үшін бүкіл мұсылман қауымына ортақ кінә тағу әділетсіз. Бірақ «оның дінге еш қатысы жоқ» деп, олардың діни ұғымды қалай пайдаланғанын талқылаудан бас тарту да жеткіліксіз.

Бұл жағдайда үш деңгейді ажырату қажет: діни мәтін, оны түсіндіру және сол түсіндіруге сүйеніп жасалған әрекет. Мысалы, көп әйел алуға рұқсаттың болуы белгілі бір адамның жасаған әділетсіздігін ақтамайды. Талақтың фиқһта үкім ретінде бар болуы оны қарсы тарапты қорқыту құралына айналдыруды құптамайды. Ал ғалымдар арасындағы дәлелді пікір айырмашылығын радикалдықтың белгісі деу де қате.

Мәселені бағалағанда нақты әрекетке, келтірілген дәлелге, мойындалған фиқһтық ұстанымдарға және адамның құқықтарының сақталуына қарау керек. «Радикалды» немесе «маргиналды» деген атауларды да дәлелсіз олай да былай қолдануға болмайды.

Сол сияқты дін атынан жасалған қиянатты ашық сынау — барлық мұсылманды айыптау емес. Керісінше, олай жасау діни жауапкершілікті нақтылап, басқа бейкүнә тұлғалардың құқығын қорғауға және олардың еш кінәсі жоқ екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

дін имам
Share. Facebook Twitter LinkedIn Email VKontakte Telegram WhatsApp Threads Copy Link
Previous Article«Соттаймын десе, соттасын!»: Қарақат Әбілдина оқырмандарына сырын ашты (ВИДЕО)
Next Article «Қатты қысым басталды!»: Головкинге соқтығысқан спорт журналисі өзін қудалауға арнайы тапсырма түскенін жазды (ФОТО)

Оқи отырыңыз...

«Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі»: Тоқаев Түркия төрінде Путинге тағы үндеу тастады

30.10.2026369

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйледі  

30.10.20265

Анкара сапары: Тоқаев пен Ердоған не туралы сөйлесті?

30.10.202644
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақмола облысы Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымын қорытындылады

31.10.20263

Қазақстан 24,3 млн тонна астық жинады

31.10.20261

Қоғамдық тәртіпті сақтауда еріктілер мен жастардың рөлі зор – ІІМ Қоғамдық кеңесі

31.10.20262

Ақмола облысында екі жасөспірім вагонның үстіне шығып, бірін тоқ соқты

31.10.20263

Соттағы сорақылық: Көкшетауда тағы бір сот қызметкері өзін өлтірді

31.10.202657

13 күн демалыс: Қазақстандықтардың жаңа жылдағы демалыс күндері ауыстырылды

31.10.2026376

«Дұрыс емдемеген»: Маңғыстау облысында 1 ай комада жатқан 3 жасар бала қайтыс болып, анасы дабыл қақты

30.10.202611

Астанадағы Есіл өзенінен ер адамның денесі табылды

30.10.202611

«Тамақ жеуден бәрін айырады екен»: Дариға мен Олжас Абай ойын ойнап, сынға қалды (ВИДЕО)

30.10.202621

«Жымқыруды анықтап, үнсіз қала алмадым»: аудитор Боқаевтың кәсіподақ қаражатын ұрлау тәсілдері туралы айтты

30.10.202615

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Мекен жайы: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Алатау ауданы, Қасым Шәріпов көшесі, 206/6 үй

E-mail: info@muztaumedia.kz

Телефон: +7 705 156 6495

2026 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат комитетіне № KZ49VPY00153959 нөмірімен тіркеліп, «Muztaumedia.kz» интернет басылым ретінде куәлігі берілді.

©2025 - 2026 / Muztaumedia.kz - ақпараттық агенттігі / Барлық құқықтар тіркелген.
  • Басты бет
  • Редакция
  • Портал тәртібі
  • Ақпараттық хабарлама

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.