«Яндекс» деректер орталықтарына жасалған бірнеше шабуылдан кейін пайдаланушылар төлем сервисіндегі қаражатын пайдалана алмай отыр. Алайда компания өкілдері ақшаның қауіпсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
11 қазанда «Яндекс» компаниясының финтех бағытының жетекшісі Дмитрий Пирогов «Яндекс Пэй» қолданушыларына үндеу жасады. Оның айтуынша, сол күні таңертең компанияның тағы бір деректер орталығы зақымданған. Соның салдарынан сервис жұмысы әлі толық қалпына келмеген.
Қазіргі уақытта пайдаланушылар шотындағы қалдықты тексеру, сатып алған тауарлары үшін төлем жасау және ақша аудару кезінде қиындықтарға тап болып отыр.
Дмитрий Пироговтың түсіндіруінше, пайдаланушылардың қаражаты деректер орталықтарында сақталмайды. Онда төлем сервисінің жұмысын қамтамасыз ететін серверлер орналасқан. Ал әр шот туралы ақпарат бірнеше алаңда көшірмелер түрінде сақталады. Компания жүргізген тексеріс нәтижесінде деректердің жоғалмағаны анықталған.
«Қызметтің толық қалпына келгенін әзірге айта алмаймын. Команда сервистердің жұмысын жандандыруды жалғастырып, әр қадамды тексеріп жатыр. Әңгіме сіздердің ақшаларыңыз туралы болғандықтан, біз үшін сервисті тез іске қосумен қатар, оның сенімді жұмыс істейтініне көз жеткізу де маңызды», – деді Дмитрий Пирогов.
Ол пайдаланушылардың қаражатына қол жеткізе алмай, күтуге мәжбүр болып отырғанын түсінетінін атап өтті. Компания өкілі сервистің толық қашан іске қосылатынын нақты айта алмағанымен, жұмыс қалпына келгенше күш салатынына уәде берді.
Қазақстанда да ақаулар тіркелді
Еске салайық, 11 қазанда «Яндекс» сервистеріндегі ауқымды ақаулар Қазақстанға да әсер етті. Елдегі пайдаланушылар «Яндекс Go» арқылы такси шақыру және жеткізу қызметтеріне тапсырыс беру кезінде қиындықтарға тап болды.


